Ақтаудағы жарылыс аумағында 18 техника мен 50-ге жуық қызметкер жұмыс істеуде.

Ақтауда 7 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 21.18 минутта 29 «А» шағынауданындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты дәмхана жарылды, - деп хабарлайды Маңғыстау облыстық әкімдігіне қарасты қоғамдық коммуникация орталығы.


Жарылыс болған жерде қазір Ақтау қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының 7 техникасы мен 22 қызметкері, облыстық полиция департаментінен 11 техника мен 25 қызметкері жұмыс істеуде.

«Маңғыстау облыстық төтенше жаңдайлар департаментіне жергілікті уақыт бойынша сағат 21.18 минутта 29 «А» шағынауданындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада белгісіз жағдайда жарылыс болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Бірден оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері жетті. Қазір жарылыстың себебі мен бүлінген аумақ және шығын көлемі анықталуда»,-деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мақсат Шапқатов.

7 қараша күні кешке күшті жарылыс болған Ақтаудағы «Шерқала» кешенінде орналасқан «Аянат» дәмханасының қожайыны оқиға кезінде оның мекемесінде ешкім болмағанын айтты.

Ер адамның айтуынша, оның мекемесі отбасылық мердігерлік принцип бойынша жұмыс істейді. "Сағат 19.30 шамасында мен кафені жауып тастадым, кафеде жұмысшылар да, қонақтар да болған жоқ. Көрші ғимараттарды білмеймін, мен оларға жауапты емеспін", - деді Абай Әмреев.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, екі қабатты «Шерқала» кешенінің ішінде киім-кешек дүкені, автобөлшектер, мейрамхана, монша, қоймалар сияқты нысандар бар. Төтенше жағдай болған аумаққа Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келді.

Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларымен жедел кеңес өткізіп жатыр. Ал, облыстың Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, жарылыс салдарынан 11 көлік зақымданған.

Жол полицейлері эвакуатор арқылы үш көлікті эвакуациялады. Қалған сегіз көліктің иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жарылыс «Аянат» дәмханасының өзінде емес, шамамен жақын жердегі самса мен палау сататын дүкенде болғаны белгілі болды. Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров жарылыстың алдын ала себебін – газ-ауа қоспасының ағып кетуін айтты.