Елімізде Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті және "Астана" университеті сот шешімімен жабылды.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, кейінгі жылдары аты аталған жоғары оқу орындары «Атамекен» ҰКП жүргізетін білім беру бағдарламаларының рейтингінде үнемі төмен позициядан көрінген.
Бұл университеттердегі білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілердің талабына сай келген жоқ және білім алушылар арасында да сұранысқа ие болмады. "Жабылған жоғары оқу орындары сапаны жақсартуға тырысқан жоқ, білім бағдарламаларына инвестиция салмады, практик-мамандарды да қызметке тартпады.
Нәтижесінде аутсайдер университеттер лицензиясынан айырылып, білім беру қызметін тоқтатты", – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова. Сондай-ақ ведомство ақпаратынша, қазір басқа жоғары оқу орындарын тексеру нәтижесі бойынша сот жүріп жатыр.
Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде педагогикалық және техникалық бағыт бойынша кадр даярлау жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. "Кадр даярлау сапасын жақсарту – маңызды мәселе. Егер бүгін университеттер тиісті талапқа сай болмаса, онда ертең біз білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандырмайтын мамандарды даярлап шығарамыз.
Біз жоғары оқу орындарына олқылықтардың орнын толтыруға уақыт береміз, алайда олар түзетуге асықпайды. Осыдан кейін біз қатаң шара қолдануға мәжбүр боламыз", - дейді Көбенова. Министрлік мәліметінше, жұмыс берушілер арасында университеттердің маман даярлау сапасына қанағаттану көрсеткіші өсіп келеді.
Университеттердің білім бағдарламаларының 85%-і жұмыс берушілермен келісілген. Қабылданған түзетулерге сәйкес, оқу жылының басынан бастап практик-мамандар тартылады. Білім министрлігі талапкерлерге, студенттер мен ата-аналарға университет таңдаған кезде сапаға назар аудару қажеттігін еске салды.