Өзіне қол жұсамақ болған Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ол жедел-жәрдеммен қалалық Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізіліп, жан сақтау бөліміне жатқызылған. Әлі есін жимаған көрінеді.
"6 сәуір түнгі сағат 01:30-да Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметімен 1991 жылғы пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың І-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдауда. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын ала болжам бойынша пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрі ішкен болуы мүмкін", - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.
Ал, аталған жайт бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қаратау АПБ ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағандығын мәлімдеді.
Айта кетсек, Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Мөлдір Бекеева өзіне қатысты даудан кейін суицид жасамақ болған.
Ведомство өкілі өзіне қол салмас бұрын Facebook желісінде жазба жариялаған. Онда жазба авторы басшылықтан қысым көргенін және өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
Өз жазбасында Мөлдір Бекеева ПД жаңа басшылығын айыптап, мұндай қадамға баруына мәжбүр еткенін жеткізді.