Ақбұлақ ықшамауданындағы қанды оқиғаның ақ-қарасы ақырындап ашылып келе жатыр. Бүгін өткен сот отырысында куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алынып, кейін сөз сотталушының өзіне берілді.
30 минутқа жуық уақыт сөйлеген Игорь Дужнов әңгіменің әлқисасын Донбассқа барған сәттен бастады. Қару ұстауды да сол жерде жетік меңгердім деп мойындады.
Игорь Дужнов, сотталушы: - Донбассқа бару туралы шешім қабылдағанмен, оны ешкімге айтқам жоқ. Алтыннан жасалған ескі бұйымдарымды сатып, 2 мың доллар таптым. Әйеліме қаржы мәселесін шешу үшін Ресейге жұмыс бабымен кеттім деген хат қалдырдым.
Ия, мен осы уақытқа дейін қару ұстау бойынша тыңғылықты дайындықтан өткенмін. Ал тактикалық атыс бойынша дағдыны Донбасстағы ұрыстарда шынықтырдым. Сотта прокурор қанды қылмыс болған сәттің бейнежазбасын да көрсетті.
Видеода сот орындаушылары үйге кіргенде Дужнов өзін ауыр күйде екенін айтып гаражға қарай кетіп қалады. Сәлден кейін қолына мылтық алып шығып, келгендерге қабырғаға қарауын бұйырған. Ешкім мән бермеген соң қаннен-қаперсіз тұрғандарға оқ жаудырады.
Игорь Дужнов, сотталушы: - Гаражға кіріп қаруымды он оқпен оқтадым. Ыңғайланып тұрып, үйге кіргендерге: «қабырғаға қараңдар» деп бұйырдым. Үйге басакөктеп кіруге қатысы жоқ адамдарға, нақтырақ айтсам, заңгер мен қамқоршылықтан келген әйелге шетке тұруға мүмкіндік бердім. Олар тыныш шығып кетті. Басып кірген топты атқаннан кейін көшеде көмекке келетін полицейлер тұрғанын түсіндім. Оларға да оқ аттым. Полицейлерді өлтіру мақсатым болмады, олар менің үйімнің сыртында тұрды.
Оқ таусылған соң Дужнов гаражға барып мылтығын қайта бес оқпен оқтаған. Кейін екінші қабатқа көтеріліп, тіпті өзін өлтірмекші болыпты.
Алайда шырылдаған бүлдіршіндердің дауысын естігенде «райымнан қайтып, полицияға берілдім» деп отыр. Десе де ол кінәсін сезініп отырған жоқ.
Дужновқа қатысты сот ісі 18- наурызда басталды. Оған «Адам өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптарымен айып тағылған. Қайғылы жағдай былтыр қыркүйек айында Алматының Ақбұлақ ықшамауданында болды. Банктен қыруар несие алып өтей алмай, сот шешімімен үйін алуға келгендерге Дужнов оқ жаудырып, бес адамды мерт қылды.
Дереккөз : КТК телеарнасы