Нұр-Сұлтан әуежайы 15 шілдеден бастап 8 тамызға дейін қысқартылған режимде жұмыс істейді деп хабарлайды el24.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында 15 шілде мен 8 тамыз аралығында жергілікті уақыт бойынша 11:00-ден 18:00-ге дейін ұшып-қону жолағына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты әуежайдың жұмыс регламенті өзгереді», - делінген әуежайдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай жөндеу жұмысы жыл сайын жүргізіледі. Биылғы жұмыстар туралы шешім ақпан айында қабылданған.
«Әуежайдың қысқартылған жұмыс кестесі туралы ақпарат әуе компанияларына уақтылы жіберілді», - деп толықтырады баспасөз қызметінен. Демек, 15 шілде мен 8 тамыз аралығындағы рейстер кестесіне қажетіне қарай өзгерістер енгізіледі.