ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасын тергеу барысына қысым көрсетіп жатқандар туралы айтты.
«Қазіргі уақытта жекелеген адамдар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы заңсыз талаптар қойып отыр.
Олар қабылданған процестік шешімдермен келіспегендіктен, тергеуге қысым көрсету мақсатында қылмыстық істерді тергеу барысына араласып жатыр», - деді Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда ол қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, тергеу әрекеттеріне қатысу бойынша адамдардың нақты тізбесіне рұқсат етілгенін еске салды. Олардың қатарында адвокаттар, қорғаушы тараптың заңды өкілдері, жәбірленушілер бар.
Бұл адамдардың прокуратураға да, тергеу сотына да тергеу органының іс-әрекеттеріне өтінішхат немесе шағым беруге құқығы бар. Бұл тұрғыда Қылмыстық-процестік кодексінде процестік шешімдерге шағым жасаудың нақты тәртібі айқындалған.
«Осыған байланысты қылмыстық процеске қатысушылар мен қорғаушыларды Заңның көрсетілген нормаларын қатаң сақтауға шақырамын. Прокуратура органдары барлық қылмыстық істер бойынша қылмыстық-процеске қатысушылардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етіп отырғанын атап өтемін.
Қылмыстық істерді тергеу кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметіне араласқаны үшін жауаптылық туралы Бас прокуратура бірнеше рет ескерткенін ерекше айтып өткім келеді. Өзге адамдардың сотқа дейінгі тергеу барысына араласу әрекеті үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық қарастырылған», - деді Бас прокуратураның өкілі.
Дереккөз: КТК арнасы