Түркістан облысы Қазығұрт ауданында бұрын сотты болған адамның көлігінен 2,5 келі марихуана табылды. Күдікті сыбайласымен бірге есірткі затын «Нексия» маркалы автокөлігімен тасымалдау кезінде ұсталған.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыс өңірде «Қарасора-2022» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ашылған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел ақпарат түскен бойда «Жібек жолы-Шымкент» тас жолымен кетіп бара жатқан жеңіл көлікті тоқтатқан.

Содан күдіктілердің автокөлігіне тінту жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде өсімдік тектес есірткі заттары бар полиэтилен пакет пен қағаз түйіншекті тапқан.

Тәртіп сақшылары тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберген.

Зерттеу қорытындысы көліктен алынған есірткінің 2,5 келі болатын марихуана екенін растады. «Есірткі сақтау, тасымалдау дерегі бойынша күдікті ретінде көлік жүргізушісі мен жолаушысы, яғни бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының екі тұрғыны ұсталды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды»,- делінген хабарламада.

КТК телеарнасы