Шу ауданында балық аулау кезінде екі балықшы мұз астына түсіп кетті. Оқиға 3 ақпан күндіз Шу қаласынан 40 км жердегі Тасөткел су қоймасында болған,-деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Балықшылар жағалаудан 50 метр жерде отырған кезде мұз жарылып, адамдар судың түбіне кетті.
Құтқарушылар бір адамның өлі денесін тез арада алып шықты, ал екіншісін іздеуге тура келді. Бүгін таңертеңгі сағат 10-да құтқарушылар суға батып кеткен екінші адамның өлі денесін тауып алып, судан алып шықты.
Мұздағы қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан осындай қайғылы оқиғалар болады. Қазақстанның ТЖМ азаматтарға қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді.
«Демалуға немесе балық аулауға шыққанда қарапайым қауіпсіздік шараларын есте сақтаңыздар. Құтқару кеудешелерін пайдаланып, өзіңізді қорғау қажет. Қарлы жерлер мен мұзға қараңғы уақытта бармаңыз, өйткені мұздың қалыңдығы белгісіз және бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», - деп ескертеді құтқарушылар.