Маңғыстау облысында жыл басынан жіті вирусты «А» гепатитке 25 адам, «В» гепатитіне 1 адам шалдыққан. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде өңірлік Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлфара Каримова мәлім етті.
Биыл тіркелген науқастар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан.
Биыл 26 науқас тіркелсе, 2022 жылдың алты айында вирусты гепатитпен 5 адам (гепатиттің «А» түрімен—4, гепатиттің «В» түрімен – 1) ауырған.
«Вирусты гепатит –түрлі қоздырғыштары өте кең таралған, бауырды зақымдайтын жұқпалы аурулар тобы.
Әлемде вирусты гепатиттердің 19 түрі белгілі, Маңғыстау облысында 5 түрі кездеседі, олар – А, В ,С, Д және Е.
Соның ішінде, «А» және «Е» гепатиттерінің алдын алу үшін қарапайым тазалық тәртібін және жеке бас гигиенасын, тамақтану гигиенасын, тұрмыстық гигиенаны сақтау қажет», - деді Гүлфара Каримова.
Сондай-ақ брифингіде Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева «А» вирусты гепатитінің таралу себебі, клиникасы мен алдын алу шараларына тоқтала отырып, аурудан сақтанудың ең басты жолы екпе алу екенін айтып өтті.
«Облыс көлемінде «А» вирусты гепатитінің аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3,32% құраса, ал республикалық көрсеткіш 4,14% болып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім болуына байланысты облыс көлемінде вакцинация жұмысы күшейтілді», - деді Бибізада Дүйсенбаева.