Алматыда жүргізушісі жоқ автобус өз бетінше артқа қарай жүріп кетіп, бірнеше көлікті соқты, салдарынан бір адам зардап шекті-деп хабарлайды el24.kz тілшісі.


Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 6 қыркүйек күні Абай даңғылы мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысына жақын жерде № 79-бағыттағы қоғамдық көлік жол жиегінде тұрып, батыс бағытқа қарай қозғалып, төрт көлікке соғылған.

Жүргізуші автобусты Наурызбай батыр көшесімен қиылыстағы арнайы жолаққа тоқтатып, әжетханаға бару үшін шығып кеткен. Бақылауcыз қалған автобус артқа жүріп кетіп,бағдаршам жануын күтіп тұрған көліктерге соқтығысқан.

«Апат салдарынан «Киа» маркалы көліктің жолаушысы дене жарақатын алды. 

Бұл деректі Бостандық аудандық полиция басқармасы өндіріске алды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Артынша полиция автобустың өздігімен 84 метр жол жүргенін анықтады.

Естеріңізге сала кетсек,үстіміздегі жылдың сәуір айында Шымкент қаласында жүргізушісі жоқ автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында келе жатқан 6 адамды қағып кеткен болатын.