Астана қаласының әкімшілік мамандандырылған ауданаралық соты Дана Атешоваға қатысты әкімшілік материалды қарады.
 
«Іс материалдарына сәйкес, келіншек отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына былапыт сөздер айтқан. Сотта ол кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді.
 
Сонымен бірге бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді», — деп хабарлады ҚР Жоғарғы соты.
 
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы аясында бұл қылығы үшін ескерту жасалады не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алынады. Ал құқық бұзушының жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады.
 
Жас балаларының болуы және мұндай әрекетті алғаш рет жасағаны жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын ештеңе жоқ.  Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
 
Естеріңізге салсақ, елорда тұрғыны Дана Атешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірге үйіне келіп, балаларды бір-бірлеп үйден мәжбүрлеп шығарғанын, өзін соққыға жыққанын әлеуметтік желіде жариялаған болатын.