Боксшы Жанқош Тұраров алғаш "қыз зорлады" деген ақпарат шыққанда: "Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын.Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын!", - деген болатын.
Артынша Алматының Полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Келіп түскен арызға байланысты, Әуезов аудандық полиция Басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр, - делінген полиция хабарламасында.
Кеше БАҚ өкілдеріне сұхбат берген, Жанқош Тұраровқа зорлады деп айып таққан қыз Әнару Құрманәлі, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келді. "Ал соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсетті, - деп хабарлайды el24.kz тілшісі.
Ал бүгін осыған орай Жанқош Тұраров тағы да мәлімдеме жасады:
"Маған қатысты сұхбат беріп жатқан адамның лайлы әңгімелері мүлдем қызық емес. Менің өмірлік ұстанымдарым, мақсаттарым мүлде басқа. Ақиқат орын алатынына сенімдімін. Соған байланысты менің заңды адвокатым баспасөз конференциясын өткізетін болып шешті", - деді ол әлеуметтік желіде.