el24.kz 2025 жылғы 24 сәуірде Түркістан қаласының ауданаралық соты блогер Мұрат Әбділдаға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешімінің күшін жойып, жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы қаулы шығарды.
Пробациялық бақылау талаптарын бұзу
2024 жылғы 9 қыркүйекте Мұрат Әбділда 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасының бір бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған болатын,-деп жазады el24.kz тілшісі.
Сот шешімі бойынша, оған бірнеше шектеулер қойылды, соның ішінде:
Түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін үйінде болу міндеттемесі.
Алайда, 2025 жылғы 17 наурызда учаскелік полиция қызметкері түнгі уақытта оның тұрғылықты мекенжайын тексеруге барған кезде, Мұрат Әбділда үйінде болмағаны анықталды. Сот процесі барысында полиция бөлімінің жүйелі бұзушылықтар туралы дәлелдері расталды .
Сот шешімі және алдыңғы сотталуы
Сот Мұрат Әбділданың пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзғанын ескеріп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешімінің күшін жойып, жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы қаулы шығарды.
Еске салсақ, Мұрат Әбділда 2022 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. .