Шымкентте әкімдік алдында оққа ұшқан қала басшысының орынбасары есін жинады. Руслан Берденовке кеше жұмысынан шығып бара жатқанда «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің экс-басшысы қару кезеп оңбай жаралаған.

Қансыраған шенеунік ауыр халде ауруханаға жеткізілсе, шабуыл жасаған Ернар Жиенбай сол жерде қамауға алынған. Бастық пен қарамағындағы қызметкер арасындағы мұндай жанжалға не себеп?

Қарулы шабуыл кешкі сағат сегіз жарым шамасында әкімдіктің дәл кіреберісінде болды. Есіктен шыққан бетте Руслан Берденовке бес мәрте оқ атылады. Шенеунікті күтіп тұрған жеке жүргізушісі қаскөйді көлігімен соғып құлатқан.

Өкпесі мен бауырынан жарақат алған Берденов ауыр халде ауруханаға түсіп, оған бірнеше ота жасалды.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

— Ота жасап, қанын тоқтатып, женесіне келтірілген зақымдар қалпына келтірілді. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы жағдайы ауыр. Динамикасы қалыпты. Толық медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қарулы шабуылдан кейін Руслан Берденов өзіне оқ жаудырған Ернар Жиенбайдың әйеліне қырындаған деген ақпарат лезде тарады.

Көп ұзамай, Жиенбайдың келіншегінің әлеуметтік желілері жабылды, телефоны да сөндірулі. Дегенмен «келіншекпен сөйлестім» деген Шымкент ішкі саясат басқармасының басшысы әкім орынбасары мен жас келіншек «таныс емес» деп отыр.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент ішкі саясат басқармасының басшысы:

— Ұсталған азаматтың келіншегімен полиция департаментінде сөйлестім. Ол Руслан Берденовті «жеке танымаймын» деп отыр. Бейтаныс адамдар болса, қалай қырындайды? Тергеу енді басталды. Сондықтан дәйексіз түрлі жорамал жасап, қаңқу сөз таратудан аулақ болуға шақырамын.

Көпқабатты үйлерді бюджет есебінен жаңғыртумен айналысатын компанияға былтыр ғана қызметке келген Ернар Жиенбай жуырда ғана жұмыстан босатылған екен. Руслан Берденовтің жақтастары шенеунікке осы үшін қастандық жасалуы мүмкін деп санайды. Қалай болғанда да, қазір тергеу басталды.

Шымкент ПД ресми сайты:

— Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеуде анықталады. Шымкент әкімнің орынбасары өзгенің келіншегіне қырындаймын деп оққа ұшты ма, әлде бизнеске бөгет болды ма, оны айту қиын.

Жалпы Мәжілістен биыл ақпанда Шымкент әкімдігіне ауысып келген кезде Руслан Берденов қаланың кәсіпкерлігіне қан жүгіртеді делінген. Бірақ әзірге 40 жастағы шенеунік осы шуымен ғана танылды.

Ақпараттық дереккөз:КТК телеарнасы