Абай облысында қайғылы жағдай орын алды. 15 сәуір күні таңғы уақытта Аягөз ауданына қарасты Ақшәулі ауылында аспалы көпір опырылып, үш адам мерт болды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, ауыл тұрғындары мал іздеуге шығып, Қаракөл өзенінің үстінен өтетін көпірмен мотоциклмен жүрген,- деп хабарлайды el24.kz. тілшісі.

Алайда көпір ауыр салмаққа шыдамай, опырылып түскен. Нәтижесінде үш адам өзенге құлап кеткен.

Апат туралы ақпарат жергілікті әкімдікке түсте түскен. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, іздестіру жұмыстарын бастады. Судың астынан 1980 және 1978 жылы туған екі азаматтың денесі табылып, кейінірек 1967 жылы туған үшінші адамның мәйіті де судан шығарылды.

Қазіргі уақытта полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көпірдің техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде.

Бұл оқиға жергілікті тұрғындарды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Қоғамда ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты сұрақтар қайта көтерілуде. Көпшілікті: "Аспалы көпірдің жарамсыз екенін неге ертерек ешкім ескертпеді?" деген сауал мазалайды.

Оқиға орнына қатысты видео мен суреттер әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда таралуда. Қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтамыз.