el24.kz Алматыда 29 жастағы бойжеткен туған күн кешінде қаза тапты. Қайғылы жағдай 24 маусымға қараған түні қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде, тәуліктік жалға берілетін пәтерде болған.
Оқиғаға куә болған көрші-қолаңның айтуынша, 29 жастағы қыз құрбыларымен бірге тәуліктеп жалға берілетін пәтерге келген. Олар мұнда туған күн тойлаған көрінеді. Қыздар түнімен шулап, көршілеріне ұйқы бермепті. Ал таңғы сағат сегіз шамасында қыз жылаған күйі балконның жақтауына шыққан. Төменгі қабаттағы тұрғындар 102-ге хабарласыпты. Полицейлер дереу жетіп, қызды бұл ойынан айнытуға тырысады. Бірақ ол ешкімге құлақ аспапты. Марқұмның мәйіті подьездің дәл алдына түскен.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оқиғаға қатысы бар адамдардан жауап алынуда, сараптамалар тағайындалған.
Оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде белгілі болады.