el24.kz Алматы облысы, Талғар қаласында 44 жастағы әйел өзенге құлап кеткен 10 жасар ұлын құтқармақ болып, ағысқа түсіп кетіп көз жұмды. Бала әлі табылған жоқ.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні Талғар өзенінің бойында болған. Ресми мәліметке сәйкес, 10 жасар бала өзен жағасында суретке түспек болып жүргенде, аяғы тайып суға құлап кеткен.
Осыны көрген анасы еш ойланбастан суға секіріп, баласын аман алып қалуға тырысқан. Өкінішке қарай, қатты ағыспен күрескен әйелдің өзі судан шыға алмай, мерт болды.
Марқұм 44 жаста болған. Оның денесі құтқарушылар тарапынан оқиға орнынан біраз төмен жерден табылды. Жерлеу рәсімі жақын туыстарының қатысуымен өткізілді. Ал ұлы – әлі із-түссіз. Құтқару және іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді.
Республикалық жедел-құтқару жасағының бастығы іздестіру жұмыстарының барысы туралы былай деді:
"Құтқарушылар ештеңеге қарамай жұмыс істеп жатыр. Таңғы 4-тен түнгі 12-ге дейін су жағасын қарап, тоқтамай іздестіріп келеміз. Жағдай өте ауыр, бірақ біз үміт үзбей жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.
Талғар аудандық ТЖБ басшылығы да өзен бойы, каналдар мен су тарамдарының түгелдей тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Арнайы сүңгуірлер тобы, дрондар мен техника іске қосылған.
Оқиға қоғамды елең еткізді. Әлеуметтік желі қолданушылары отбасыға көңіл айтып, баланың аман табылуын тілеп отыр.