el24.kz  Жамбыл облысының тұрғыны күтпеген жерден 34 жыл бұрын қысқа уақыт кездескен әйелмен заңды некеде тұрғанын біліп, сотқа жүгінген. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 1991 жылы ер адам отбасын құруды жоспарлаған қызбен төрт айдай ғана кездескен. Алайда қарым-қатынастары жараспай, көп ұзамай екі жақ екі түрлі жолмен кеткен. Сол кезеңде олар АХАТ органдарына барып, некені тіркемеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке туралы куәлік те алмаған.

Кейін әрқайсысы өз өмірін жалғастырған. 1994 жылы бұрынғы сүйіктісі басқа адамға ресми түрде тұрмысқа шыққан. Ал ер адам 2021 жылы шаңырақ көтерген.

Алайда 2025 жылы ол банктің қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін қарау барысында 1991 жылы тіркелген неке туралы мәліметті байқап қалған. Осыдан кейін ер адам бұл некені жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз түсірген.

Сот отырысы барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, неке туралы актілік жазбадағы қолтаңбалардың талапкерге де, жауапкерге де тиесілі емес екені белгілі болды. Құжаттарға үшінші тұлға қол қойған. Сонымен қатар, сол жылдардағы азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімі өтуіне байланысты бұрын жойылып кеткені анықталған.

Талапкердің жақын досы мен көршісі сотта куә ретінде жауап беріп, ер адамның некені тіркеу рәсіміне қатыспағанын және ешқандай құжатқа қол қоймағанын растаған. Ал іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ органының өкілі сот отырысына қатыспаған.

Барлық мән-жайды саралай келе, сот 1991 жылғы неке тіркеуі заң талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келді. Тараптар некені рәсімдеу кезінде жеке қатыспаған, ал қолданыстағы заңнамада мұндай «қашықтан неке» қарастырылмаған. Нәтижесінде неке туралы актілік жазба жарамсыз деп танылды.