el24.kz Астанада жедел медициналық жәрдем саласында ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылық анықталды. 2020–2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясына бөлінген 850 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған.
Тексеру барысында санитарлық автокөліктерге тиесілі қосалқы бөлшектердің заңсыз есептен шығарылғаны, сондай-ақ жалған қызмет көрсету шарттары жасалғаны белгілі болды. Бұл әрекеттердің салдарынан жедел жәрдем автопаркіндегі жұмыс істейтін көліктер саны айтарлықтай азайған. Кейбір көліктер қосалқы бөлшектердің ұрлануына байланысты мүлде пайдаланудан шығарылған.
Қадағалау органдарының мәліметінше, аталған заңсыздықтар жедел медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей кері әсер еткен.
Қазіргі уақытта «103» жедел жәрдем автопаркі толықтай қалпына келтірілгені хабарланды.
Аталған қылмыстық іске байланысты төрт қызметкер ұсталды. Олардың ішінде екі орта буын басшысы мен жедел жәрдем станциясының директоры бар. Қылмыстық іс сотқа жолданып, енді тиісті құқықтық баға берілмек.
