el24.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз импорттау әрекетінің жолын кесті. Тергеу аясында өңірдегі мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшыларының бірі күдікке ілінді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы мен елорда тұрғыны Қазақстан аумағына халық тұтынатын тауарларды кедергісіз әкелуге жәрдемдескені үшін пара алған.
Тергеу нұсқасына сай, күдіктілер шетел азаматтарынан жүйелі түрде заңсыз сыйақы алып, тауарлардың мемлекеттік шекарадан бақылаусыз өтуіне жағдай жасаған.
Соттың санкциясымен мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы мен елорда тұрғыны қамауға алынды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер 100 миллион теңгеден астам пара алған. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1,9 миллиард теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Ведомство өкілдері тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
