el24.kz Атырау облысының полиция департаменті Жангелдин ауылында орын алған ауыр қылмысқа байланысты күдікті ретінде күйеу баласына ресми түрде іздеу жариялады. Бұл туралы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, марқұм болған ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдік Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынына түскен. Қазіргі уақытта ол құқық қорғау органдарынан бой тасалап, іздеуде жүр.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу барысында қылмысқа басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Бұл бағытта қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Полиция өкілдері әлеуметтік желілерде таралып жатқан әртүрлі ақпараттарға қатысты пікір білдіріп, тұрғындарды тек ресми дереккөздерге ғана сүйенуге шақырды.
«Әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың ресми дереккөздеріне сүйенуге және расталмаған немесе жалған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырамыз», — деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі таңда тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Қосымша мәліметтер ресми түрде хабарланатын болады.
