el24.kz Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Интерпол Ұлттық орталық бюросының хабарлауынша, Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының азаматы Түркиядан елге қайтарылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында жәбірленушілерге зергерлік бұйымдарды төмен бағамен сатып беретінін уәде етіп, олардың ақшасын иемденген. Оның әрекеті салдарынан 8 адамға жалпы шамамен 130 миллион теңге материалдық залал келген.
Қылмыс жасалғаннан кейін әйел ел аумағынан ғайып болып, оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Іздестіру іс-шаралары барысында күдікті Түркия Республикасында ұсталды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарды алаяқтыққа қатысты сақ болуға және күмәнді ұсыныстарға қаржы аудармауға шақырады.
