el24.kz Түркістан облысының Қоссейіт ауылында мүгедек әкесін аяусыз соққыға жыққан азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Сот 41 жастағы Алмас Садақбаевты кінәлі деп танып, оны бес жылға бас бостандығынан айырды.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы өз әкесіне жүйелі түрде күш қолданған. Ауыр соққы салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа ауыр зиян келтіріліп, кейін ол алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған.
Сот Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің «азаптау» және «денсаулыққа орташа ауыр зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Үкім заңды күшіне енген.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Мамандар мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейту және әлеуметтік бақылауды арттыру қажет екенін атап өтуде.
