el24.kz Жетісу облысы Жаркент қаласында 5 жасар баласына қатыгездік танытқан әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға байланысты баланың әкесі болған жағдайдың мән-жайын айтып берді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде 5 жасар баланы жылу батареясына байлап қойып, аяусыз соққыға жыққан ананың видеосы тараған болатын. Балалардың әкесінің айтуынша, видеоны отбасымен бірге тұратын танысы түсірген.

Ер адамның сөзінше, оқиға баланың кіші дәретке жіберіп қоюынан кейін болған. Анасы үлкен ұлы кіші баланы дәретке жібергені үшін ашуланып, баланы ұрып-соққан.

Балалардың әкесі Таир Курваншанов видеоны дүкеннен келген соң көргенін айтады.

«Үйде сыныптас қыз бар, видеоны сол түсірген. Мен дүкеннен келгеннен кейін маған оңашада видеоны көрсетті. Мен видеоны көрдім, бірақ әйелімнен не үшін ұрдың деп сұраған жоқпын. Сосын видеоны жан-жаққа жібере бастадым», – дейді ол.

Таир Курваншанов пен жұбайы Марияның ортақ екі баласы бар. Ер адамның айтуынша, әйелінің психологиялық диагнозы бар және мұндай жағдай соңғы екі-үш айда бірнеше рет қайталанған.

«Бұған дейін бәрі жақсы болатын. Балаларды ұрмайтын, анда-санда шапалақтап қоятын. Кейін балалардың беті, қолы көгере бастады. Сұрасам, бір-бірімен төбелесті дейді. Бірақ екі баланың бір-бірін қатты жарақаттауы мүмкін емес қой. Әйелім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады, үшінші топтағы мүгедектігі бар», – дейді балалардың әкесі.

Сондай-ақ ер адам әйелінің соңғы екі айда мінез-құлқы күрт өзгеріп, өзіне опасыздық жасағанын айтып, 10–15 күн бұрын ажырасуға өтініш бергенін жеткізді.

«Заңды некедеміз. Ажырасуға өтініш бердім. Ана құқығынан айырылсын, екі бала менде қалсын деп талап қойдым», – дейді ол.

Ресми мәліметке сәйкес, видео желіге тарағаннан кейін полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Қалалық әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, ерлі-зайыптының екеуінде де жеңіл ақыл-ой кемістігі мен зерде бұзылысы диагнозы бар, психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Отбасы 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында полиция қызметкерлерінің көмегімен Отбасын қолдау орталығына жеткізілген.

Балалар медициналық тексеруден өткізілген. Анасы қазіргі уақытта полиция бөлімшесінде, іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.