фото ашық дереккөзден

  el24.kz Шымкентте қаңтар айында қатыгездікпен өлтірілген Нұрай Серікбайдың ісіне байланысты қалалық Полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүргізген қызметтік тергеудің қорытындысы бойынша қабылданды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтарда орын алған. Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмған. Тергеу барысында күдіктінің марқұм қызды ұзақ уақыт бойы қорқытып, артынан аңдығаны анықталған. Қыздың ата-анасы бұл жағдайға байланысты полицияға бірнеше рет арызданғанымен, сол кезеңде қылмыстық іс қозғалмаған.

Аталған оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі шұғыл қызметтік тексеріс бастаған болатын.

ІІМ мәліметінше, құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені және қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны үшін бірқатар полиция қызметкері де жұмыстан шығарылды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның туыстарының арыз-шағымдарын тиісті деңгейде қарамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Қылмыстық істің тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.