el24.kz Қазақстандық жүргізушілер республикалық тас жолдар бойында күн батареялары мен жел турбиналарымен жабдықталған ерекше құрылымдарды жиі байқай бастады. ҚазАвтоЖол бұл нысандардың жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған жаңа «ақылды» камералар екенін мәлімдеді.

Видеоталдаудың жаңа жүйесі жол саласын цифрландыру аясында енгізіліп жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – жол жағдайын тәулік бойы бақылау, апаттар мен төтенше жағдайларды дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет ету.

Жаңа жүйелердің басты ерекшелігі – олардың толық автономды режимде жұмыс істеуі. Яғни жабдықтар электр желілері мен дәстүрлі инфрақұрылым жоқ шалғай жол учаскелерінде де үздіксіз қызмет көрсете алады.

Камералар энергияны өздігінен өндіретін күн батареялары мен жел турбиналарымен жабдықталған. Ал жолдағы жағдай туралы мәліметтер нақты уақыт режимінде өңделіп, тиісті қызметтерге жіберіледі.

Кіріктірілген жасанды интеллект көліктердің маркасын, түсін және мемлекеттік тіркеу нөмірін анықтай алады. Сонымен қатар жүйе жолдағы қауіпті жағдайларды да автоматты түрде тіркейді.

Атап айтқанда, жасанды интеллект жолдағы жаяу жүргіншілерді, бұралқы жануарларды, қарсы бағытта немесе кері қозғалып келе жатқан көліктерді, сондай-ақ тұрақ ережелерін бұзу фактілерін анықтауға бейімделген. Қауіпті жағдай тіркелген жағдайда жүйе жол қызметтеріне бірден хабарлама жібереді.

Жобаны іске асыру бірнеше кезең бойынша жүргізілуде. Алғашқы пилоттық жоба Алматы – Қонаев ақылы автожолында қолға алынған. Мұнда автономды жабдықтардың тұрақтылығы мен тиімділігі тексерілуде.

Сонымен қатар Астана – Теміртау бағытының 134 шақырымдық учаскесінде тіректерді орнату және камералар, жел турбиналары мен күн батареяларын монтаждауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Ал Астана – Щучинск тас жолында болашақ құрылымдардың іргетасын қалау және коммуникациялық инфрақұрылымды дайындау кезеңі басталды.

ҚазАвтоЖол өкілдерінің айтуынша, болашақта бұл жүйелер бірыңғай интеллектуалды бақылау желісіне біріктіріліп, еліміздің автожолдарындағы қауіпсіздікті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.