el24.kz Ақтауда тұрғын үйлердің бірінде жалаңаш жүрген ер адамның әрекеті сотқа дейін жетіп, оған әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Оқиға тұрғындардың назарын аударып, олар бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған. Істі қарау барысында құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен дәлелденді.

Сот мәліметінше, ер адам бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып, тағы да осындай әрекетке барған.

Осыған байланысты оның іс-әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни «Ұсақ бұзақылық» бабы негізінде қаралды.

Соттың хабарлауынша, аталған бапқа сәйкес құқық бұзушыға 60 сағаттан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.

«Сот қаулысымен Р. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», – делінген соттың ресми хабарламасында.