фото видеодан скриншот жасалған
el24.kz Маңғыстау облысында бірнеше күн бойы іздестірілген үш азамат аман-есен табылды. Бұл туралы олардың туыстары хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде жоғалған азаматтардың жүрген жері анықталған. Еске салайық, олар 2 шілде күні Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет-Ата жерасты мешітіне қарай жолға шығып, сол күнгі сағат 16:15 шамасында байланысқа шыққаннан кейін хабарсыз кеткен болатын.
Туыстарының айтуынша, олар Бекет-Атадан кейін Қыдырша ата бағытына барған. Жолда автокөліктері батпаққа батып қалып, әрі қарай жүруге мүмкіндік болмаған. Соның салдарынан олар Бейнеу бағытына қарай шамамен 35 шақырымды жаяу жүріп өтуге мәжбүр болған.
Қазіргі уақытта үш азаматтың да жағдайы қалыпты екені белгілі болды. Олар медициналық тексеруден өту үшін Ақжігіт ауылына бара жатыр.
Еске салайық, жоғалғандарды іздеуге Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мамандары, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылған болатын. Іздестіру жұмыстарына арнайы техника, тікұшақтар және өзге де қажетті құралдар тартылып, бірнеше бағыт бойынша ауқымды іздеу операциясы жүргізілді.
Құтқару операциясының нәтижесінде жоғалған азаматтар аман-есен табылып, олардың өміріне қауіп жоқ екені нақтыланды.
