el24.kz Маңғыстау облысында Бекет-Ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабарсыз кеткен үш адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаменті ресми мәлімдеді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2026 жылғы 2 шілдеде Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет-Ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққан.
Жоғалғандармен соңғы байланыс сол күні сағат 16:15 шамасында болған. Еріктілердің айтуынша, олар WhatsApp арқылы мешіт аумағынан түсірілген бейнежазба жіберген. Осыдан кейін байланыс үзілген.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жоғалған азаматтарды іздеуге барлық қажетті күштер жұмылдырылған.
«Жоғалғандардың жүрген жерін анықтау үшін полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мамандары және басқа да жедел әрі бейінді қызметтер жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника және қажетті құрал-жабдықтар тартылған. Іздеу бірнеше бағыт бойынша бір мезгілде жүргізіліп жатыр және оған барынша көп күш пен құрал жұмылдырылған», – деп хабарлады ведомство.
Полицияның мәліметінше, барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құзырлы органдар жоғалған азаматтардың орналасқан жерін мүмкіндігінше тез анықтау үшін қажетті барлық шараларды қабылдауда.
Іздестіру жұмыстарына еріктілер де белсенді түрде қатысуда. Олар Маңғыстау облысының тұрғындарын іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуге шақырып, жергілікті аумақтарды, соның ішінде ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың көмегімен тексеруге атсалысуға үндеді.
Қазіргі уақытта іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Құзырлы органдар азаматтардан жоғалған адамдардың немесе олардың автокөлігінің жүрген жеріне қатысты қандай да бір ақпарат болған жағдайда, дереу полицияға хабарлауды сұрайды.
