el24.kz Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, биыл алғаш рет өңірлерде еңбек ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы журналистика саласында әрдайым ұлт мүддесін жоғары қоятын, елдің рухани дамуына зор үлес қосқан тұлғалар қызмет еткенін атап өтті. Оның айтуынша, олар халықтың сана-сезімін оятып, ағартушылық қызмет атқарып, жұртшылықты білім мен ғылымға үндеген.

«Сіздер де аға буын қалыптастырған игі дәстүрді лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, соңғы жылдары журналистерді тұрғын үймен қамтамасыз ету игі дәстүрге айналған. Соңғы үш жылда Астана қаласында 200 журналист баспаналы болған.

Мемлекет басшысы енді бұл бастаманың ауқымы кеңейтілетінін жеткізді. Оның пікірінше, сапалы ақпарат таратып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген өңірлік БАҚ өкілдерінің еңбегі де лайықты бағалануы тиіс.

«Менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биыл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі», – деді Президент.

Осылайша, биыл тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы алғаш рет елордалық журналистермен қатар өңірлік БАҚ қызметкерлерін де қамтып отыр.

Дереккөз: Ақорда.