el24.kz Қазақстанда қозғалтқышы бар велосипедтерге қатысты талаптар өзгереді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр велосипедтерді мопедтер санатына енгізуді көздейтін заңға қол қойды.
Жаңа нормаларға сәйкес, қозғалтқышпен жабдықталған велосипедтер енді ресми түрде мопед ретінде танылады. Осыған байланысты олар мемлекеттік тіркеуден өтіп, арнайы нөмірлік белгі алуы тиіс.
Заңда «Жол жүрісі туралы» құжатқа өзгеріс енгізіліп, мопед ұғымы «қозғалтқышы бар велосипедтер» деген тармақпен толықтырылды. Бұл электр велосипедтердің құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды жол қозғалысы ережелері тұрғысынан мопедтермен теңестірді.
Жаңа талаптарға сәйкес, мұндай көлік құралдарының иелері оларды мемлекеттік есепке қоюға міндетті болады. Сондай-ақ жүргізушілерге мопед иелеріне арналған жол қозғалысы ережелері қолданылады.
Атап айтқанда, қозғалтқышы бар велосипед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жолағымен, жол жиегімен, тротуармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Олар бұдан былай қарапайым велосипедшілер сияқты емес, мопед жүргізушілері секілді жол қозғалысы талаптарын сақтауы тиіс.
Жаңа талаптар заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және электр көліктерінің қозғалысын тиімді реттеуге бағытталған.
