Коста-Рикада коронавируспен күресудің жаңа жолын тапты.
Бұл елде жылқының антиденесінің көмегімен науқастарды емдеп жатыр.
Клодомиро Пикадо (Instituto Clodomiro Picado, ICP) институтының ғалымдары жылқыларға SARS-CoV-2 вирусын жұқтырып, ондағы түзілген антиденені алған. Антиденелердің көмегімен 26 науқасқа сынақ жүргізген.
Ғалымдар жылқының антиденесі арқылы басқа да дәрі-дәрмектердің жасалатынын айтады. Мысалы, жылан шаққанда қолданылатын жылқы антиденесінің негізінде жасалған у қайтарғыш бар.
"Біздің өнім талай адамның өмірін құтқарып қалатынына сенеміз. Өйткені қазіргі таңда халық вакцинаға жете алмай отыр. Өзге елдер секілді вакцинаны сатып алуда кезекте тұрмай, өз күшімізбен дәрі жасап шығарамыз", – дейді жоба жетекшісі Альберто Алапе.
Бұған ұқсас тәжірибені Аргентина мен Бразилия да өткізіп жатыр. Ал Бельгияда жылқының орнына ламаны сынақтан өткізіп жатыр.
Бұл зерттеулер нәтиже көрсетіп жатса, Коста-Рика ғалымдары Орталық Американың кедей елдерімен осы арзан емдік түрімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. "Біз пандемия кезіндегі әл-ауқатымыз көршілеріміздің әл-ауқатымен байланысты екенін түсінеміз", – дейді Алапе.
Дереккөз ; Massaget.kz