Қазақстан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үздік үштікке енді.

Үндістанның Ченнай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орынға көтерілді деп хабарлайды el24.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Дүниежүзілік Олимпиаданың 9-ыншы кезеңінде Болгария құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Жеңіске Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нақбаева жетті. Ал Бибісара Асаубаева мен Ксения Балабаева ойынды тең есеппен аяқтады.

Құрамамыз еншісінде – 7 жеңіс, 1 тең ойын және 1 жеңіліс. Осы матчқа дейін әйелдер командалары арасында Қазақстан турнир кестесінде 6-орында болған еді. Енді бірден 3-орынға көтерілді. Келесі ойын Үндістан құрамасымен өтеді.

Ал Қазақстан ерлер құрамасы бүгін Сербиядан 1:3 есебімен жеңілді. Мұртас Қажғалеев пен Арыстанбек Оразаев ойынды тең есеппен аяқтаса, Ринат Жұмабаев пен Әлішер Сүлейменов қарсыластарына есе жіберді.

Ерлер құрамасы турнирде осымен үшінші рет жеңіліп отыр. Бүгінгі матч алдында қазақстандық команда 12-орында болды. Қазір 25-орынға сырғыды. Келесі ойын Хорватиямен болады. 8 тамызда Қазақстан әйелдер құрамасы олимпиада қожайындары - Үндістанмен ойнайды. Ерлер құрамасы 27-орындағы Хорватиямен ойнайды.