Өзбекстанның 4 өңірінде криминогендік жағдайды жақсарту бойынша жүргізілген жедел алдын алу шарасы аясында қылмыстық әрекеттерге қатысы бар болуы мүмкін 124 күдікті ұсталды,-деп хабарлайды el24.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ІІМ-нің Бұхара облыстық басқармасынан мәлімдегендей, өңірде іздеуде жүрген 31 қылмыскер құрықталды. Аталған шара барысында адам ұрлау мен тонау бойынша - 1, есірткі және психотроптық препараттардың заңсыз айналымына қатысты – 8, заңсыз қару сақтау бойынша – 2 және өзге де қылмыстардың 9 фактісі анықталды.
Осыған байланысты 5 күдікті қамауға алынса, 15 адамға басқа да бұлтартпау шаралары қолданылған. Сонымен қатар 98 адаммен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, аймақтағы криминогендік жағдайға теріс әсер еткен 38 азамат әкімшілік қамауға алынды.
Самарқанд облысында арнайы қызмет мамандары мен құқық қорғау органдары қылмыстық топтың 47 мүшесін ұстады. Олардың алтауына қатысты қылмыстық іс қозғалды, ал 25-і әкімшілік жауапқа тартылды.
Ташкент облысында қылмыстық топтарға қатысы бар болуы ықтимал 34 адамның қызметіне шектеу қойылды. Оның ішінде 11 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды, 23 азамат әкімшілік қамауға алынды. Ұсталғандардан 13 пневматикалық және аңшылық қару, оқ-дәрілер мен электрошокерлер, пышақтар және кастеттер тәркіленді.
Сонымен қатар, есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 50-ден астам факті анықталды. 11 келі есірткі және 8 703 психотроптық дәрі тәркіленді. Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген, соттан және тергеу органдарынан жасырынған 64 адам құрықталды.
Сондай-ақ, Андижан облысында қылмыстық топтың 4 өкілі ұсталды, оның біреуі бұрын сотталған. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, ұсақ бұзақылыққа, валюталарды заңсыз алуға немесе беруге байланысты қылмыстар жасады деген күдікке ілінді. Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және ұстау бойынша ауқымды шара жүріп жатқанын хабарлап едік.