Париж Олимпиадасына кішкентай қызды зорлағаны үшін сотталған нидерландылық жағажай волейболшысы Стивен ван де Вельде қатысып жатыр. Ал бұл көпшіліктің наразылығын туғызғаны жөнінде ВВС арнасы хабарлады.
 
Нидерландының Олимпиада комитеті ван де Вельдені жағажай волейбол командасына қосқан.
 
Стивен ван де Вельде – жағажай волейболынан Нидерланды ұлттық құрамасының мүшесі. 2014 жылы ол 19 жасында британдық 12 жасар қызды 3 рет зорлаған. Кішкентай қызбен ол Facebook желісінде танысып, Амстердамнан Ұлыбританияға келіп, Англияның шығысындағы Милтон Кейнсте кездесіпті.
 
Бостандыққа шыққаннан кейін ван де Вельде спорттық мансабын қайта жалғастырып, үйленген.
 
Жақында оның әйелі Ким Беренс ұл туды, ал волейболшы Олимпиада ойындарына қатысу құқығын алды.  Ол 29 жастағы ойыншы Мэттью Иммерспен бірге 28 шілдеде италиялық Алекс Ранджери мен Адриан Карамбулаға қарсы ойнады. Бұл кездесуде олар жеңілді.
 
Соттылығы барлар Олимпиадаға қатыса ала ма?
 
"Ван де Вельденің Олимпиадаға қатысуы медальдің қылмыстан гөрі маңыздырақ екенін көрсетеді", – деді спорттағы әйелдерді қорғау және құрметтеу бойынша жұмыс істейтін Kyniska Advocacy компаниясының негізін қалаушы және директоры Кейт Сири.
 
Нидерланды делегациясының басшысы Питер ван ден Хогенбанд Вельдені қолдап, ол жазасын өтеп шыққанын айтады. Нидерланды комитеті ол арнайы емдеу бағдарламасынан өткенін айтты. “Ван де Вельде барлық талаптарды толығымен орындады, жазасын өтеді және тиісті тексеруден өтті. Мамандар аурудың қайталану қаупі жоқ екенін айтты. Ван де Вельде мұны өміріндегі ең үлкен қателік деп санайды және бұл үшін өкінеді”, – деп мәлімдеді Нидерланды ҰОК.
 
Нидерланды волейбол федерациясы соттылығы бар спортшылардың жарысқа қатысуын қалпына келтіруге рұқсат беру шарттарын белгілейтін арнайы нұсқаулар жинағы барын айтады. Воллейболшы бұл талаптарға сәйкес келетін көрінеді. Халықаралық Олимпиада комитеті әр ел спортшыны өзі таңдай алатынын түсіндірді. Әр елде талап әртүрлі екен. Аустралияда зорлық бойынша сотталғандар жарысқа қатыса алмайтынын мәлімдеді.
 
"Егер спортшының немесе қызметкердің соттылығы болса, оларға біздің команданың мүшесі болуға рұқсат етілмейді. Бізде командада қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң саясат бар", – деді Аустралия Олимпиада құрамасының басшысы Анна Мирес. Бірнеше тиісті үкіметтік емес ұйымдар, спорт және құқықтар альянсы, қауіпсіз спорт үшін спортшылар желісі Ван де Вельдені 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан шеттетуге шақырды. Тіпті петиция жарияланып, ол 90 мың қол жинады. 
 
"Ван де Вельденің Олимпиадаға қатысуы жәбірленген қызға деген құрметсіздікті көрсетеді және оның құнын төмендетеді. Балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған спортшыға, қай елде болса да, Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік бермеу керек", – деді Kyniska Advocacy ұйымының мүшесі Кейт Сиери. Ойынға қатысушыларды хабарлау кезінде көрермен нидерландылықтың есімі жарияланғанда ұнатпайтындарын көрсетіп, шу көтерген.