el24.kz Үндістанда «Нипах» деп аталатын аса қауіпті вирустың таралуына байланысты қазақстандықтарға бұл елге және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар мемлекеттеріне сапарды уақытша кейінге шегеру ұсынылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, «Нипах» вирусы негізінен жарқанаттар арқылы таралады. Вирус адамға тікелей жанасу немесе ластанған тағам мен су арқылы жұғуы мүмкін. Соңғы деректерге сәйкес, дерт әсіресе түнгі уақытта ашық кеңістікте жүретін туристер арасында жиі тіркеліп отыр.
Комитет өкілдері Үндістанға немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапарлауды жоспарлап отырған азаматтарға сол мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайды алдын ала нақтылап алуға кеңес береді. Ал шұғыл іссапармен баруға мәжбүр болған жағдайда тек жабық құтыдағы ауызсуды пайдалану және санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажет екені ескертілді.
Дәрігерлердің айтуынша, «Нипах» вирусының алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады. Атап айтқанда, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік байқалады. Ауру дер кезінде анықталып, ем қабылданбаса, ауыр асқынуларға және өлімге әкелуі мүмкін.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Лаура Ақышева бұл бағыттағы алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті:
— Үндістандағы «Нипах» вирусына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде санитариялық бақылау күшейтілді. Үндістаннан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аударылып отыр. Аталған инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады, — деді ол.
Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
