Оқиға Жамбыл облысы ,Талас ауданы ,Жданов (қазіргі С.Шәкіров) ауылында болған. 1991 жылдың жаз кезі.
Кеш қарайып, ел-жұрт малын жайлап жатқан кезде көлік апаты болады. Бұрын естеріңізде болса серый УАЗик болатын. Үлкен машина. Сондай көлік Ойық ауылынан келе жатып, Ждановкаға жеткенде алдынан мас жігіт шығып қалады. Сол жігітті қағып кетпейін деп УАЗик «столбқа» соғылады. Не керек жаңағы жігіт сол көлікті сол жерде тоқтатады. Ал, ол тура біздің үйдің қасы.
Көлікті жөндеу керек болады да, ішіндегі жолаушылар түседі. Сөйтсе көліктен Жанар Айжанова шығыпты. Қасында Таразда оқитын сіңлісі тағы басқа адамдар бар. Ауыл тұрғындары оны бірден танып, сүйсіне қарапты.
Жанар Айжанова Ойық ауылында өткен концерттен келе жатыр екен. Сол кезде оны көрген ауыл тұрғындары «өзі сондай ашық-жарқын, ермінезді, əзілқой, шешен» деп еске алады. Көліктің жөнделгенін күтіп отырған кезде анам оларды бір-екі шынаяқ шай ішіңіз деп үйге кіргізіпті. Əттең, сол кезде сотканың жоғы. Селфилатып дәлелдеп тастар едік.
Сол сәтті анам әлі күнге дейін естелік қылып айтып отырады. «Ждановтағы үйге Жанар Айжанова келіп еді ғой. Қасына балалар келсе, оларды әңгімеге тартып, баламен бала болып кетеді» дейді.
Тоқырау кезінде ел аралап жүрген әншілердікі таза еңбек қой. Фонограмма жоқ. Ауыл-ауылды УАЗикпен аралап, өз дауысымен əн шырқап, одан шаршадым демей, шұқыр-шұқыр жолмен келесі ауылға жетіп, еңбектенген жандар. Қазір əншілер қаладан-қалаға ұшақпен жете салады. Барғанда қонақ үйі дайын. Тіпті түсетін моншасына дейін әзірлеп қояды. Олар (бəрі емес) фонограмманы қосып, əдемі билеп, фотолатып қайтады.
Бұл əңгімені мамам Райхан Нұрмолдаева айтып берді. Сол сәтте ауылға жиналған барша жан естен шығармайды. Жанар апайдың есінде бар ма, жоқ па? Кім білсін?! Бірақ мамалардың есінде мәңгі қалыпты. Шын талант пен көркем мінезді ешкім ұмытпайтыны рас...
Рахиля Бекназарқызы