Жалпы, сағызды киімнен тазалау үшін ол киімнің материалына, түр-түсіне, сапасына аса мән берген жөн. Мысалы, түсі оңып кететін маталарға сағыз жабысқан жағдайда ацетон немесе спирт, сондай-ақ ыстық суды да қолданбаған жөн.
1. Тоңазытқышқа салу
Ең оңай, әрі тиімді тәсіл сағыз жабысқан киімді полиэтилен қапқа (пакет) салып, тоңазытқышқа 1 сағатқа қою. Осы уақыт ішінде сағыз қатып, өзі түсіп қалады.
2. Мұз басу
1-тәсіл көмектеспесе, егер киім үлкен, тоңазытқышқа сыймайтын болса, онда сағыз жабысқан жерге мұз қойыңыз. сағыз қатқан уақытта қатты щеткамен тазалаңыз. Кілем мен төсеніштерге, пальто мен тоңға сағыз жабысқанда да осы тәсілді қолданыңыз.
3. Ыстық су құю
Ол үшін жаныңызда көмекшіңіз болғаны дұрыс. Біреуіңіз ыстық суды сағыз жабысқан жерге құйып, екіншіңіз оны дереу щеткамен тазалап тұруларыңыз керек. Ол үшін ескі тіс щеткасын пайдалануыңызға болады. Егер көмекшіңіз болмаса, ыдысқа ыфстық суды құйып, киімнің сағыз жабысқан жерін суға батырып салыңыз. Судан шығармай тұрып, сағызды үшкір затпен тазалап алыңыз. Одан кейін киімді қатты ысқылап жіберіңіз. Тазаланған киімді жуып, жайыңыз. Егер сағыз толық тазаланбаса, процесті қайталаңыз.
4. Үтікті қолданып
Сағыз жабысқан жердің үстінен дымқыл дәке қойып, үстінен үтіктеңіз. Сағызды тазалаудың бұл әдісінің кемшілігі киімге жабысқан сағызды тазалағанмен, одан дақ қалуы мүмкін. Ал оны дақ тазартатын арнайы құралдармен тазалай аласыздар.
5. Фен (шаш кептіргіш)
Киімнің сағыз жабысқан жерін шаш кептіргішпен біраз үрлеңіз. Содан кейін ескі тіс щеткасымен сағызды тазалап тастаңыз.
6. Сіркесуы
Деним материалдарынан сағызды тазалаудың ең оңай тәсілі – сіркесуын қолдану. Ол үшін аздаған сіркесуын кішкене қыздырып алып, оған ескі тіс щеткасын батырып, сіркесуы суып қалмай тұрып, тезірек сағызды сүртіп жіберіңіз.