Бірде бір психолог Google іздеу жүйесіне зерттеу жүргізе отырып, «Как удержать мужчину» деген сөз тіркесі ең көп ізделгендер қатарында екеніне көз жеткізеді.
Яғни көпшілік әйел заты өз ер азаматын қалай жіберіп алмау керегін, қалай ұстап тұруды, уысынан шығармауды білгісі келеді. Оған наразы болған психолог әке бұл ойдың дұрыс емесін жеткізу үшін өз қызына хат жазады.
«Балам, сенде ешқашан мұндай сұрақ туындамайды. Сенің жалғыз ғана міндетің жақсы адамның шексіз махаббатына лайықты болу. Осындай сенімді жүрегіңнің түкпіріне сақта. Өмірлік жолымызда жақыныңнан айырылу да, «жоқ» деген жауап алу да, эгоистік көзқарас та көптеп кездеседі, бірақ олардың бір де біреуі сенің өзіңе деген сенімділігіңе көлеңке түсірмесін.
Егер сен еш күш салмай-ақ, өздігіңнен қадірлі екеніңе сенімді болсаң, сені өмірінің соңына дейін құрметтеп, бүкіл ғұмырын күннен күнге саған ғашық болумен өткізетін жігіт өзі-ақ кездеседі. Балапаным, сенің адамың сен оны ұстап қалуың үшін әрекет еткеніңді күтпейді, себебі ол өзі-ақ әрдайым сенің жаныңнан табылғысы кеп тұрады.
Ол гольф ойнай ала ма, ойнай алмай ма, маған бәрібір, бастысы саған және сенің оған сыйлаған балаларыңа уақытын арнап, бірге ойнай алса болды.
Ол қаншалықты ер адамға лайық әрекет ететінінде шаруам жоқ, бастысы сенің жүрегіңді жаулап алуға күші жетсе болғаны.
Сайлауда кімге дауыс беретіні де мені қызықтырмайды, үйінде және жүрегінің төрінде саған қандай орын беретіні маңызды.
Оның терісінің түсі де маңызды емес, ол сенің өміріңді түсіністік, төзімділік деген түрлі түске бояса да жетіп жатыр.
Ол қандай сеніммен өмір сүрсе де бәрібір, тек сенің өміріңнің әр минутына дейін қадірлі екенін ұғынса екен деймін.
Ең соңында айтарым мынау, жарығым. Егер өмір жолыңда осындай ер азаматты кезіктірсең және оның менімен ортақ ештеңесі болмаса да, ол екеумізге ортақ әлемдегі ең қымбатты бір құндылық болады: ол – сенсің.
Сондықтан оны «уысыңнан шығармау» үшін баруың керек жалғыз жол – өз-өзіңмен болу.
Саған деген махаббаты еш сарқылмайтын азамат
Әкең»
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz