Интернет алаяқтарынан қорғану үшін әр түрлі құпиясөзден тұратын екі деңгейлі қорғаныс жүйесін қолдану керек. Одан бөлек, түрлі әлеуметтік желілерге тіркелу үшін қосымша электронды пошта ашқан дұрыс. Ал негізгі поштаны еш жерге тіркемеген жөн.
Әлемнің 106 елінен 533 миллион адам, оның ішінде 3 миллион 215 мың қазақстандықтың жеке мәліметі интернетте жарияланып кеткеннен кейін отандық IT мамандары осындай кеңес беріп отыр. Ең өкініштісі, азаматтардың жеке мәліметтері әлемге жария болуы Қазақстанда жиі қайталанатын жағдай екен. Бірақ ол үшін жаза арқалап жатқан ешкім жоқ.
Үш миллионнан астам қазақстандықтың жеке мәліметі осы күндері ғана жарияланғанымен, ол 2018-2019-жылдары жиналған деректер. Соңғы күндері қызу талқыға түскен хакерлік шабуылды зерттеген ақпараттық технология мамандары соған көз жеткізіпті.
Олардың айтуынша, жеке мәліметтерімізді біреудің жинап алуынан қорғану мүмкін емес. Өйткені оларды интернетке анкета толтырып, жарнама жариялап, өзіміз енгіземіз.
Батыржан Түйтеев, IT маманы: - Олар ақпаратты сіз туралы толығырақ білу үшін жинауы мүмкін. Мысалы, телефон нөміріңізді алып, фейсбуктағы парақшаңызды қарап, қаншалықты бай тұратыныңызды бағамдайды.
Мәселен, телефоныңыз бір банкте тіркеліп тұрса, демек сол банкте есепшотыңыз бар деген сөз. Сосын олар сол банк өкілі ретінде жабарласа бастайды. Әсіресе ол мәліметтер хакерлерге ақшасы көп адамдарды анықтауға керек екен. Анықтап алған соң банк қызметкері ретінде хабарласа бастайды. Банк картасының құпиясөзі, телефонға келген кодты сұрау басталады. Мамандардың айтуынша, азаматтардың жеке мәліметінің әлем жұртына жайылуы жиі жағдай. Тек сол үшін жаза арқалап жатқан жоқ.
Иван Филько, IT маманы: - Шындығына келгенде ел аумағындағы мәліметтердің үлкен көлемде сыртқа таралуы өте жиі болып тұрады. Біз оны анықтасақ, тиісті жерлерге айтып отырамыз. Бірақ жауапкершілікті басқа елде мәліметті таратып отырғандарға артып қояды.
Ал сол мәліметтердің таралып кеткеніне біздің елде жеке компания немесе мемлекеттік органдардың жаза арқалап, өтемақы төлеп жатқаны есімде жоқ. Ары кетсе бір-екі инженерді кінәлі қылып шығарады. 2019 жылы тамыз айында Орталық сайлау комиссиясынан 11 миллион қазақстандықтың жеке мәліметі ұрланып интернетте жарияланған.
Бірақ сайлау комиссиясы ол мәселеде өзін кінәсіз етіп шығарды. Фейсбуктің өзінің де масқарасы шығып тұрғаны бір бұл емес. 2018 жылы да желі қолданушыларының жеке дерегі әлдебіреулердің қолына түсіп, ақыры 5 миллиард доллар өтемақы төлеп құтылған.
Дегенмен цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, тап содан келер қауіп жоқ. Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: - Фейсбуктегі ақпаратта ЖСН жоқ. ЖСН базалық керекті ақпарат болғандықтан, қараңыз, аты-жөні арқылы ЖСН-ді белгілеу салық комитеті арқылы белгілеуге мүмкіндік болушы еді. Соны жаптық.
Бірінші біздің қолға алғанымыз. Тек қана аты-жөні. Карточкадан ақша шешу үшін оған басқа да ақпарат қажет. Ол телефонның ішіндегі смс-терге қол жеткізу керек.
Және де ЖСН, басқа да деректер қажет. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да азаматтардың жеке мәліметін қорғау күшейтіліпті.
Енді оператор азаматтың жеке мәліметіне кіру үшін телефонына СМС жолдап рұқсаталу керек. Мамандар интернеттегі кибершабуылдан сақтануға әр түрлі құпиясөзден тұратын екі деңгейлі қорғаныс жүйесін қолдану керегін айтады. Болмаса ең қарапайым әдіс – бүкіл әлеуметтік желілерге тіркелетін бір электронды пошта ашып қойған абзал. Ал негізгі жұмыс поштаңыз тек жеке қолданысыңызда қалғаны дұрыс.
Дереккөз : ktk.kz