Сіздің әрдайым Алладан қол жайып, көмек сұрайтыныңызды білеміз, ал сіз Алланың қолын жайып сұрағанды құр қайтаруға ұялатынын білесіз. Ендеше, бүгін өзіңіз үшін әрі барлық мұсылман бауырлар, туған-туыс, ата-ана, таныстарыңыз үшін дұға жасауға қалай қарайсыз?

Муслимнің сахих хадистер жинағында мынадай хадис бар: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен.

Ал Бұхари: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы»деген хадисті келтіреді. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық.

Сонымен қатар, Тирмизи: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді.

Бұл амал – өзгеге жақсылық тілеу арқылы, өзіңізге жақсы тілеуді, жүректі тазартуды, мұсылмандармен бауырластықты нығайтуды насихаттайды. Сондай-ақ, мұндай адамдарға Алла Тағала разы болады дем үміттенеміз. Себебі, бұл құлшылықты Алланың өзі үйретті. «Хашыр» сүресінің 10-аятында былай делінген: «Олардан кейін келгендер: Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иманға келген бауырларымызды кешір! Әрі иманға келгендерге қарсы жүрегімізге жек көрушілік салма! Раббым! Ақиқатында, Сен – өте Мейірбан (Рауф), ерекше Мейірімдісің (Рахим)!».

Сондай-ақ, жұма күні «Кәһф» сүресін оқуды, күнә істерден аулақ болып, Алла Елшісіне (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) салауат айтуды естеріңізге салғымыз келеді.

sadaka.kz