Климакстық кезеңді шатастыруға болмайды

Әйелдер бойында болатын климакс кезеңі менопауза деп аталады. Бұл кезең әртүрлі жағдайда өтеді. Менопаузаның белгілері біреулерде көңіл күйдің өзгеруімен ерекшеленсе, енді біреулерде денсаулық сыр беріп, ұйқысы бұзылады.

Климакстың басталу уақыты әркімде әрқалай жүреді. Көбінесе әйелдердің денсаулығы мен өмірінің сапасына байланысты климакс кезеңі ерте немесе кеш келіп жатады. Сондықтан бұл жағдайда дәрігерлер өшіп жатқан аналық безді қайта қалпына келтіруге көмектесе алмайды. Аналық бездің жұмыс жасау мүмкіндігі қыз баланың құрсақта жатқан кезінде жасақталады.

Климакстың ерте басталуына әйелге жасалған гинекологиялық оталар, гормондармен емделу, стресс, инфекциялық аурулар мен жат қылықтардың болуы әсер етеді.  Шылым шегетін әйелдерде климакс кезеңі мерзімінен үш жыл бұрын ерте басталатыны медицинада  дәлелденген. Дегенмен, әйелдердің басынан өтетін мұндай кезеңнің болуына оның қанша рет құрсақ көтеріп, түсік тастағаны әсер етпейді.

Климакс кезеңінің жақындағаны етеккірдің бұзылуымен білінеді. Бұл кезде әйелдерде етеккірдің келуі сирейді, олардың арасындағы уақыт ұзарады. Алғашқы климакс белгілері пайда болғаннан бастап менопаузаға дейін бірнеше жыл өтуі мүмкін. Сондықтан етеккірдің бұзылған кезеңін менопауза деп атауға болмайды. Бұл кезеңде гинекологқа барып, толық тексеруден өткен дұрыс. Өйткені көпшілік жағдайда әйелдер климакс басталды деген ұғыммен, етеккірдің бұзылуы салдарынан кейбір ауруларды өткізіп алып жатады.

Әйелдерде климактериялық кезең 45-55 жас аралығы саналады. Ал әйелдердің 3 пайызында климакс 40 жас шамасында басталады. Бірақ бұл кезеңнің әйелдерде ерте басталуы оның организміне әсерін тигізбейді. Мұндай әйелдерде тұрақты менопауза ұзақ уақыттан соң болуы мүмкін.

Климакс — ауру емес. Бұл — әйелдің ерекше жағдайы, олардың бойында кездесетін жаңа кезең. Климакс кезеңіне дейін әйелдер жасөспірім, жүктілік, босану кезеңдерінен өтеді.

Климакстың алғашқы белгілері пайда болғаннан бастап одан оңай өту жолдарын қарастыру қажет. Ол үшін жат қылықтарды шектеу немесе одан арылу, күнделікті тағамда жануар майын аз қолдану, күніне 2 литр артық су ішіп, тамақтану рационын дұрыстау қажет. Құрамында кальций бар тағамдарды неғұрлым көбірек пайдаланған дұрыс. Спортпен шұғылдану, ұйықтар алдында серуендеу де климакс кезеңінен оңай өтудің бір жолы. Егер осы аталған шаралардан еш нәтиже шықпаса, гормональді терапия жүргізіледі. Ол әйел ағзасындағы негізгі жыныстық гормон эстрогеннің орнын толтырады. Мұндай шаралар әйелдің қартаю процесін бәсеңдетуге, жұмысқа деген қабілетін арттырып, көңіл күйін жақсартады. Бірақ гормональді дәрілерді ішпес бұрын дәрігерден тексерістен өтіп, оның нұсқауларын бұлжытпай орындау керек.

А.ЖАЛШЕВА,

Ақтөбе қалалық №3 емхананың

гинеколог дәрігері.