Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы өзінің Facebook парақшасында мектеп оқушыларының ораза ұстауына қатысты пікір білдірді.

Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің Whatsapp мессенджеріндегі чаттарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқыланып жатыр.

Осыған байланысты желі қолданушылары мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мектеп оқушыларының ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түскен.

Бұған жауап берген ҚМДБ өкілі балиғат жасына жетпеген балаға ораза ұстау - парыз емес екенін хабарлады.

"Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес.

Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: "Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан".

Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.

Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін.

Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек.

Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені, әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды.

Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз", - дейді Ағабек Қонарбайұлы.

Дереккөз : Nur.kz