el24.kz Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы табысына байланысты мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға құқылы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмысынан айырылу бойынша төлем 1 айдан 6 айға дейінгі
мерзімге тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері азаматтың соңғы 24 айдағы табысына байланысты есептеліп, бұрынғы кірістің 45 пайызына дейін болуы мүмкін. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік төлем алу үшін азамат алдымен жұмыссыз мәртебесін рәсімдеуі қажет. Ол үшін келесі қадамдар орындалады:
-
eGov.kz порталында тіркелу;
-
«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
-
онлайн өтінімді толтырып, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қою;
-
өтінімді жолдау.
Өтініш жіберілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда мансап орталығының мамандары қосымша ақпарат алу үшін хабарласуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл қызметті электронды еңбек биржасы арқылы онлайн режимде де рәсімдеуге болады.
Мамандар жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ресми түрде тіркелуге шақырады.
