Мұхтар ШЕРІМ
Қанша қызбен таныстым, таныса салып, жабыстым, қанша қызды қорладым, қаншасын өзім зорладым, ол жағын санамаппын, қысқасы, артыма абайлап қарамаппын!
Содан интернетімді ашып, кешелі бері қыздармен таныса алмағаныма көңілім құрғыр жасып, «В контакте» желісіне кірейін. Ооо, бір әдемі қыздың суреті көзіме көлбеңдеп, қол бұлғап тұрғандай ма? Қасы–көздері қиылып, өзіне бар сұлулық жиылып, еркеше бір ансамбль құрып тұрғандай екен. «Шіркін–ай, осы қызбен танысып, аш кенедей жабысып..» –деген сумақай ой санамды сабалап кетті. Жекесіне кіріп, «Танысайықшы?» деген хабарлама жібердім. Ол «Давай!» деп жазды. Жүрегім лүп ете қалды. «Жеңілтек қыз болды ғой?» –деген ойды құшақтай алдым. Анықтамасын тіміскелесем, 1999 жылғы екен. Содан бір апта «махаббат» болып жүріп, бір күні кездесуге шақырдым. «Ка¬феге, түнгі клубтарға бір көргеннен бармайтынын айтып, әшейін, өзі тұратын үйдің алдындағы аялдамада кездескісі келетінін» жазып жіберді. Жүрегім жұлқынған иттей өрекпіп, ол айтқан аялдамаға келейін. «Сені қалай танимын?» деп сұрағанымда: «Аялдама темір бағанын құшақтап, стриптиз боламын, аяқтарымды жоғары көтеріп, көзімді қысамын...» деген болатын. Аялдамада ешкім жоқ, күн суық болған соң ба, аяз қысып тұр... Бір кезде әдемі бір қыз келді. Аялдама жақтауына сүйкенді. Ғажап қыз! Жөткірініп, жанына келдім:
–Қарындас, аяғыңызды көтермейсіз бе? –деп сұрадым.
–Құрып кетші әрі! –деген қыз сөмкесімен бетіме ұрғаны. Автобустың да келе қалғаны. Мініп кетті. О, тағы бір қыз келе жатыр. Маған көзін қысты!
Жетіп барып:
–Мәдина емессің бе? –деп сұрадым.
–Жооқ, Кәмиламын.
–Көзіңді қыстың ғой?
–Аа, менің көзім осылай өзінен–өзі жыпылықтай береді, кешіріңіз, –деген ол да бір автобусқа отырып, кетіп қалды. Бір кезде бүкшеңдеп, таяғына сүйеніп, сексеннің о жақ, бұ жағындағы кемпір келе жатты. Кәрі болса да, тың екен, келе салып, сорайған темірді құшақтап, аяғын аспанға қарата көтергенде, талып қала жаздадым. Онымен қоймай, маған көзін қысып қояды. Ернін бояп алыпты. Тоны жылтырап тұр... Жанына келіп:
–Мәдина сіз бе? –деп сұрадым.
–Ия.
–Неге алдайсыз адамды? Жас қыздың суретін парақшаңызға салып қойып?
–Шырағым, ол сурет жас кезімдегі ғой! Біз де жас болғанбыз, сұлууу болған¬быз! Қазір жасым сексенде. Жетпіс жасымда үйдегі компьютерді бір кісідей үйреніп алдым.
–Ұялмайсыз ба, мені кездесуге шақырып? –дедім мен.
–Әй, шырағым, сенімен қосақталып қырға шығады деймісің? Әшейін ермек болсын деп... Жастығым есіме түсіп.... Жалғыз тұрамын, ішім пысып... Жүр, айналайын, үйге барып, шәй ішейік. Аяғымды уқалап бересің бе? –дегенде, онымен қоймай, темір бағанды құшақтап, аяғын көтергенде, стриптиз ойнағанда, көздерін қысқанда, мен пақырың тоқтай салған автобустардың біріне отыра кеттім. Қайда бара жатқанымды да білмеймін, о «Вконтакті!»