Болған оқиға ізімен
Ғани Әлихан
Жүрек құрғыр толқып тұрды . Асылбектің нөмерін тапқаныммен онан әрі аса алмадым . Қалай ғана асайын мына жұмақтан кеткім келмейді . Өйткені тап қазір менің ойлап тұрғаным дұрыс емес , оны өзім де білемін . Білмейтінім тек біреу ғана , сол Асылбекке мен шынымен де керекпін бе , әлде жоқ па ?
Мүмкін ол менің қымбат көлігіммен , қымбат киіміме қызыққан болар . Мүмкін оған менің тек қана ақшам керек шығар . Бірақ неге ол маған « сені күтіп жүрмін» деді . Ия , ия тап солай деді ғой . Әйтпесе жасымыз жиырма алтыға келді . Сынып бойынша үйленбеген екі қыз, бір жігіт қалған едік . Міне мен де тұрмыс құрдым . Бірақ мені күйеуге тиген келіншек деуге бола ма ?Мақұл болады дейік . Бірақ онан маған не пайда , сол байсымағымнан қайран болмаса . Енді Асылбек неге үйленбей жүр . Мүмкін мені күтіп жүргені рас шығар , кім білсін ?!
Сонда да асығуға болмайды. Қазірше сөйлесіп жүре тұру керек сияқты . Көзім жеткенде ғана жағасына жармасармын . Бірақ ол мені күтіп жүре береме , өзі әп - әдемі жігіт . Кез - келген қызды қанжығасына байлап құрықтай алады . Оған оның сөзі де , сымбаты да жетеді . Ол кезде енді мен тіпті де кеш қалуым мүмкін . Осылайша не әрі,не бері бола алмай миым қатып көп жүрдім . Ал Сәкеңдікі әлі де сол баяғы жүріс . Гүлдермен мұңдасқаннан бері келмеді . Соңғы күндері тіпті де өзгеріп кетті . Жұмысқада өзім сүйреп барып келіп жүрдім . Айтқандай жұмыс демекші осы жұмыстың да берекесі кете бастады . Өйткені , бұрынғыдай табыс түспейді . Қала күн сайын үлкейгенімен бәсекелестер де көбейе түсті . Ал кейінгі кездері тіпті жауыннан соңғы саңырауқұлақ сияқты әр бұрышта бір дәріхана пайда болды . Ол аздай тәулік бойы 24 сағат жұмыс істейтіндері ашылды . Бұл әрине біздің бизнеске кері әсерін тигізді . Осылайша біздікі құздан құлап бара жатты . Ал Сәкеңнің онда шаруасы болмай , өзімен өзі арпалысып жүргеніне екі ай болды . Не бәйбішені ұмытпады , не мені қарық қылмады . Тіпті ішкілікті үйге әкеліп қойып ішетінді шығарды . Енді ол мас деп мас емес, сау деп сау емес,пайдасыз бозөкпеге айналды . Әрине бұл мен күткен еркек емес . Бірақ та менің , тек қана осы адамның амандығын Алладан сұраудан басқа амалым жоқ . Өйткені мына дүниенің бәрі осының атында . Соңғы айда сүйреп жүріп өз көлігімді өз атыма өтіргенім бар . Онан басқа түгім жоқ . Әлдеқандай жағдай бола қалса қу тіземді құшақтап қу тақырда қаларым анық . Демек маған енді әрекет жасап тым болмаса мына үйді атыма алуым керек . Сосын екі үш дәріхананы өз атыма аударуым керек . Міне осының бәрін Асылбек үйленіп кетпей тұрғанда үлгеруім керек . Ал енді ол үйленіп кетпеуі үшін не істеуім керек . Оның жауабы дайын ғой . Ол үшін мен оған үміт беруім керек . Қоңырау соқпасам да хабарлама жазып үміттендіре түсуім керек . Орайы келгенде кездесіп кафеге баруым керек . Бірақ онан әріге аспауым керек , өйткені ол қауіпті . Міне бұл табылған ақыл , міне . Қысқасы ендігі қалғаны осы ойымды жүзеге асыру ғана болды . Алайда мен екі ортада жүйкем тозып көп жүріп алдым . Өйткені нақты бір шешімге келе алмай басым қатты . Сол үшін де мына Сәкеңмен сөйлесуді ұйғарып іздей бастадым . Қазір ғана үйде жүрген ізім ғайым жоқ болғанын қарашы . Жүгіріп барып терезеден үңілдім . Әне , менің ойлағаным дөп келді . Айттым ғой бұл бозөкпе тағыда сол гүлдердің арасында отыр . Отыр деп отыр ған жоқ, тіпті шалқасынан түсіп жатыр . Ойбай құрсын өліп қалмаса болар еді деп айғайға бастым .
- Сәке , ау Сәке неғып жатырсың?-деймін .
- Эххх, Сабираш !- дейді ол маған басын әрең көтеріп . Қап құрғырай мынауың удай масс қой . Тіпті әндетіп жатырған түрін қарашы . Жүгіре жортып үйден шықтым да жетіп барып жұлқылай бастадым . Абырой болғанда орнынан өзі тұрып әндете бастады . Сүйемелдеп жүріп үйге кіргіздім . Қаным басыма шауып тұрсада жақ ашпадым , қысқасы бүгінше деп үндемедім . Содан тағы да мені ой басты . Негізі маған осының ішкені де жақсы сияқты . Өйткені ішкілікке салынған адамнан өкімет баланы алып қояды . Демек қамқорлыққа маған береді деген сөз . Сонда осы баламен бірге мына мүліктің бәрі менікі боп шыға келеді . Міне бұл табылған ақыл емес пе , ішсін ия ішсін . Ішіне сыйғанынша ішсін . Мұнан маған пайда келмесе жамандық келмесі анық . Қайтейін енді , болашақта байым боп жарытпайтыны көрініп тұр . Әттең өлмеген соң аты бар , атында сонша заты бар адам . Бұл маған сол үшінде керек . Қысқасы маған Сәкеңмен сөйлесудің сәті ертесіне түсті . Кештікке отырғаным сол екен Сәкеңде жуынып- шайынып үстелге кеп отырды . Содан әй - шәй жоқ әңгімеге басты .
- Балам қандай,менің балам ?- дейді қарнымды сипалап . Ойбай мынаған неғып бала керек боп қалды екен-деймін . Арағын ішіп гүліне су құйып жүребермеді ме екен ? Не дейін бұған .
- Балаң жақсы !- дедім . Баладан үмітің болса ішкеніңді қой , анау бизнес болса кері кетіп жатыр . Ал саған бәрібір сияқты ғой -дедім . Мына сөзге көзі аларып таңдана қарады . Таңданбай қайтсін мен оған сен деп сенсіреп тұрмын . Шынымен де соңғы күндері сізден сенге көшкенім рас . Ішкен сорлы оған мән бере қоймаған . Тап қазір сап - сау отыр . Сол үшінде сен деген сөзіме селт ете қалғаны анық .
- Сабирашжан !- дейді . Сабираш маған аздап уақыт берші . Өз - өзіме келіп алайын сонан соң бәріде жақсы болады .Тек сыйластығымыз кетпесінші . Түсінесіңбе ол менің жиырма жыл оттасқан әйелім ғой , қалай ғана ұмыта саламын ?- дейді .
Ойбуй ақымағым ай , ұмытпай қайда барады енді . Өлгеннің соңынан өлмек жоқ деген , тірі адам тіршілігін жасауы керек қой . Бұл болса әлі сол запыран құсып зарлап бәйбіше деп толғатып жүр . Қайтейін енді , не дейін . Ішімдегінің бәрін ашып айтқым кеп жіпке тізе бастадым .
- Жарайды, мақұл !- дедім . Бәрід е сіз айтқандай бола қойсын . Сізді сыйлап отыңыздан кіріп,күліңізден шығайын . Керек десеңіз бұл өмірден сіз деп қана өтейін . Мен негізі соған бас тігіп тоқал болған қатынмын . Сізді сыйлаған адам мендей ақ сыйласын , Сәке . Бірақ ертеңнен бастап біз екеумізге біраз құжаттарға жүгіруіміз керек боп тұр . Өйткені әне - міне дегенше мен сіздің ұлыңызды дүниеге әкелемін . Бұлда соңғы күндері тыпыршып ішімді тепкілеп жүр деп құрсағымды сипап қойдым . Негізі осы құрсақ сипағанымның жаны барын білемін . Мейлі сау болсын , мейлі мас болсын , мен оның көзінше құрсағымды сипасам болды , бұл сорлы емпілдеп жүгіріп кетеді . Міне қазір де тап сондай болды . Ол мені құшағына тартып бауырына қыса түсті . Сонан соң қарныма басын қойып еңкілдеп жылап алды . Бірақ тағы да сол баяғы ескі әуеніне басты .
- Жаным менің , Сабираш . Бұл менің ғана емес Қарашаштың да арманы еді ғой . Әттең осы тойды көре алмай кетті . Жете алмай кетті . Соңында қара жер жалмап тынды . Қайтейін , сұм ажалдың құрығынан құтыла алмады . Білесің ба жаным , мен оны апармаған әулием қалмады . Бармаған елім қалды . Анау Израилге де апардым . Германияға да апардым .Тіпті сонау Америкаға да апардым . Ал Қытай дегеніңе айда екі рет апарып әкеп жүрдім . Сонда да ешкім араша түсе алмады , қайтейін , қайтейін - дейді өксіп отырып . Қысқасы мынадан соң менің оған айтарға сөзім қалмады . Өйткені маңырап отырған адамға құжат жайлы сөйлеудің өзі артық . Бұл енді адам болмайды , осылайша жүріп - жүріп бір күні ішқұса боп өледі . Себебі бәйбішесі қайтқан екі айда бұл адамда бері қарай өзгеріс жоқ . Керісінше көтінен кері кетуде . Ішетінді шығарды . Оның үстіне еркектік қабілетіне де күмәнім бар . Еркек деген аздап салмақты болса екен . Айтқандай бұл өз аузымен оны сүйемін демеп пе еді ? Мені ше десем , сені сыйлаймын деген . Демек бұл мені сүймейді . Тек ішімдегі ұлы үшін ұстап отыр . Мұндай адамнан бәрін де күтуге болады . Мен негізі бұлардың ойларын о бастан ақ сезгенмін . Мейлі , оны да көрерміз әлі , көрсетермін әлі . Сен сүмелек сүймесең , сүйем деп өліп өшіп жүргендер бар . Сендей жылауық еркектен олардың өлімтігіде артық . Ал сен албасты арағыңды ішіп гүліңді құшақтап жүре бер . Тіпті сол жерге түнесең де өзің білесің . Тек сенің қолыңдағы құжатты алсам болды . Менің ендігі арманым осы ғана . Қысқасы сондай оймен орнымнан тұрып мен өз бөлмеме кеттім . Ал ашылған арақтан бір стақан сімірген Сәкең үстелге басын қойып қала берді . Осылайша күн соңынан күн жалғасып тағы да бір апта өтті . Біздің арамыз онан сайын алыстай берді . Осыдан алты ай бұрынғы Сәкең енді адам танымастай өзгерді . Самайдағы ақ шаш тас төбесіне шығып құйқасына жетті . Екі бетін әжім басып , белдеу торлай бастады . Сонда да менің бұл адамға жаным аши қоймады . Өйткені үйсіз - күйсіз жүретін , қаңғыбасқа ұқсап кетті . Осылайша кешегі Сәкеңнен бүгін үмітім үзілді . Керісінше Асылбекке деген құштарлығым арта түсті . Міне тап қазір де сол Асылбектен хабарлама келіп тұр . Тіпті бір емес бірнеше хабарлама келіп тұр . Ашып алып бір - бірден оқып отырмын . Әрқайсысы жаныммен басталып күніммен аяқталып тұр . Құрғыр жаныма сондай жағып барады . Сабыр енді сабыр , шыдай тұр жаным, шыдай тұр . Ертең - ақ біз екеуміз осы қаланың ең бай, ең бақытты адамдары боламыз . Өйткені мен сені шын сүйемін Асылбек ...
( жалғасы бар )