Болған оқиға желісімен...

1-бөлім

Мен бұл құпияны өзіммен бірге көрге алып кетермін деп ойлаған болатынмын. Алайда біреуге шерімді тарқатпасам ішімде атом бомбасы секілді жарылатын түрім бар.
 
 Білемін мұны оқып біріңіз ұрсып қарғап сөгесіздер. Сонда да айтқанды жөн көрдім. Мен үйдің үлкен қызымын. Жастайымнан жоқшылықты көріп, азабын тартып өстім. Бір күн қара суға нан батырып жесек, бір күндері аштан аш ұйықтаған кезімізде болды. Әкем мектепте қарауыл, анам болса мектептің еденін жуады. 
 
Екеуі де таңнан кешке дейін жұмыста. Менен кейін екі сіңілім, екі бауырым бар. Анам төрт бауырымды маған аманаттап тастап кетеді. Өзім не бәрі он жастағы қызбын. Өзге балалар ойын қуып мәз мейрам болып жүргенде, мен су тасып, от жағып, кір жуып жүруші едім. Оларға қызыға да,  қуана да қарап тамсанып қойғаннан басқа амалым жоқ болды. Сол тірліктің бәрін істегеніммен қоймай, төрт бауырым бірдеңені бүлдірсе үнемі мен жазаланушы едім. 
 
Анам не әкем бір рет болсын «жарайсың қызым »- деп басымнан сипап мақтаған емес. Еш бір адамнан мейірім көрмей, жылулық сезінбей өстім. Кейде бәріне қолымды бір сілтеп өте алыс жаққа қашып кеткім келетін. Бірақ қайда? Қалай?. Еш амалсыз солай күнім өте берді. Бір күні кенже інім ауырып қалды. Анам егер дене қызуы көтерілсе «парацетамол бер»- деп дайындап, бауырларым дәрілерді алып жеп қоймас үшін жоғарыға қойып кетті. 
 
Анам кеткен соң інімнің дене қызуы көтеріліп қатты күйіп жана бастады. Анам айтқандай дәрілер тұрған қорапты алып парацетамол бермек болдым. Орындыққа мініп дәрі тұрған қорапқа әрең қол жеткізіп тартып жатқанда қораптың жанында тұрған сірке суы (уксус) маңдайыма тарс етіп түсіп кетті. Қақпағы дұрыс жабылмаған ба білмеймін бір сәтте көзімді аша алмай, бетім ішім бәрі оттай күйе бастады. Шыдай алар емеспін. Дереу барып мұздай суды бетіме құя бердім, құя бердім. Көзім кішкене болсын ашылып жалаңаяқ мектепке анама қарай жүгірдім. Мені көріп бүкіл мектеп қызметкерлері топырлап жиналып қалды. Анам болса жылап жіберді. Әкем сұранып бауырларыма бас көз болу үшін үйге кетті.
 
Мектептегі бір ағай көмектесіп көлігі мен анам екеумізді ауылдағы кішігірім ауруханаға жеткізіп тастады. Дәрігер бетіме, ішіме бірдеңелерді жағып, аздап ашығаны қоя бастады. Бір параққа бір неше жақпамайларды жазып, анамның қолына ұстатты. 
 
Екеуміз жаяулата үйге қайттық. Жол бойы адамдардың бірі күліп мазақ етсе, бірі аяп жанымыздан өтіп жатты. Жолай анам дәріханаға соғып әлгі жақпамайларды алып шықты. 
 
Үйге кіреберіс бөлмеде қабырғада үлкен айна ілулі тұратын. Аяқ киімімді шешіп басымды көтергенде айнадағы құбыжықты көріп шошып кеттім. Ол бейне менің өзімнің түрім екеніне сенгім келмеді. Төбемнен найзағай түскендей күй кештім. Сол күннен бастап «қотырбет»- атандым. Айнаға қарағым келмейді. Сыныптастарым, өзіммен қатарластардың бәрі келеке етіп, әр күн сайын үйге жылап қайтушы едім. 
 
Бұрындары үйден қашып мектепке барғанша асықсам, енді мектепке бармау үшін түрлі сылтау іздей бастадым. Дүние көзіме тар көріне бастады. Айналамдағы адамдардан өзімді оқшаулай бастадым. Мені жастайымнан жұмысқа салған ата- анама деген өкпем қара қазандай болды. Әр түн сайын:

«- Неге өмір соншама қатыгез?
Неге біздің жағдайымыз өзгелердікіндей емес?

 Неге мен өзге балалар секілді ойнап күліп жүрмеймін?

Неге әке- шешем мені еркелетіп, жанға жылу сыйлайтын сөздер айтпайды?

 Неге? Неге ? Неге ?»- осы сұрақтарға жауап таппай ұйқыға кететінмін. Тіпті ұйықтап жатсам да түрлі түстер көріп шошып оянатынмын. Не күнім, не түнім жайлы тыныш өткен емес. Балалық шағым бақытқа емес мұңға толы болып өте берді. Ініне тығылған мақұлықтай өмірім бір қалыпта мәнсіз, мағынасыз жалғасын таба берді.
 
Кейде өмірден түңіліп кететінмін де, меннен де жағдайы нашар адамдарды көз алдыма елестетіп шүкіршілік ететінмін. Аллаға тәубе аяғым, қолым бүтін. Жүре алмайтын, көре алмайтын адамдардың барын ойлап  тәубеме келуші едім. Есейе келе өмірім тамырынан үзілген солып құрап қалған гүлдей, мәнсіз бола берді. Менімен ешкім достасқысы келмейді. Бір екі жақын құрбым бар болатын.
  
 
2-бөлім
 
Өзгелер оларды ""қотырбеттің құрбысы "" - деп келеке ете берген соң, оларменде достығымыз соңына жетіп, жолдарымыз екі айырылды. Мына кең дүниеде жападан жалғыз қалғандай күйде жүрдім. Сегізінші наурыз мерекесінде қыздардың құшағы гүлге толса, мен сол кітап толы сөмкемді құшақтап қайтушы едім. Өзгелер әр мерекені күтіп, күн санап жүрсе, мен мерке күндердің болмағанын қалаушы едім. Өйткені айналамдағы адамдардың барлығы сый сыяпатқа бөленгенін көріп, жанарым жасқа толып, өзімді өзгелерден кем санап мұңайып қалушы едім. Жапандағы жалғыз досым, сырласым, мұңдасым бір Тәңірім ғана болды. 
 
Әр түнде тәңірден маған бақыт бұйыртуын сұрап жалбарынып екі қолымды жайып дұға жасаушы едім. Жаһандағы жан баласынан мейірім, махаббат сезінбеген соң, өзімде тас жүрек қатыгез жанға айналдым. Мектеп бітіріп, бойжетсем де мені сүйер, қасымнан табылар бірде бір ер азаматты кезіктіре алмадым. Әрине ішкі жан дүниесіне емес сыртқы сұлулыққа мән беретін мына заманда маған кім қарайды дейсіз? 
 
"Тең теңімен, тезек қабымен"- дегендей, өзім секілді жалғыздықтың дәмін тартқан, әке - шешесінен ерте айырылып, қиындық пен күресіп өскен, ауылдағы Асқар есімді жігіт танысуға ұсыныс білдіріп, қырындай бастады. 
 
Құдайдың қалауы осы болар, әрі мені жағдайы менімен ұқсас адам ғана түсіне алар деген сеніммен Асқарға тұрмысқа шықтым. Бетінде тыртығы бар жұрт айтқандай өзім секілді қотырбет болса да, жүрегінде мейірімі, иманы бар жолдасымнан жылулық сезініп өмірге деген көзқарасым аздап өзгере бастады. 
 
Асқардың Асқат есімді жалғыз ағасы бар. Үшеуміз бірге тұра бастадық. Екеуі бір анадан туғанмен мүлдем бөлек , екі әлемнің адамы. Жолдасым еңбек сүйгіш, кез келген жұмыстан қашпайтын, бір түйір нанын адал еңбекпен табатын жан. Ал қайын ағамның жүрісі түсініксіз. Не жұмыс істейтінін білмеймін, әйтеуір күнде түрлі киім киіп, әтірді сеуіп үйден шығып кетеді. Түн ортасында үйге боянған сыланған бір әйелдерді ертіп келеді. Ертеңіне түске таяу әлгі әйелдер жуынып, шайынып артын жинамай кете береді.
 
3 - бөлім
 
Бір үйдің тұрғындары деген аты болмаса, екеуінің басы еш уақытта дастархан басында қосылған емес.
"Көп көрген үйренеді, Көп білген сый көреді"- демекші, бұл жағдайға да етім үйренісе бастады. Баяғыда атам үнемі айтып жүруші еді" Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа "- деп. Қазір сол ақшаға сатылмайтын дүниенің өзі қалмаған секілді. 
 
Ақша адамға не істетпейді шіркін?! Сол ақшаны алғанша қайын ағам әлгі тұтынушыларына балын тамызып, ұйқастырып, сөздің сәнін келтіре отырып неше түрлі мақтауларды жауғызады. Сол сөздерді туған бауырына айтуға ауызы бармасы анық. Ақша жүрген жерде, ұялу, қысылу деген сезімнің болмасы белгілі болар баршаңызға.
 
 Кейде ана әйелдердің дауысын естігенде айдалада жүрген мына мен ұяттан өртене жаздап, екі бетім алмадай болып қызарып, әйел болып туғаныма өкініп кететінмін. Амал жоқ бұл дауыстарға жолдасым өзімізге үй тұрғызып біткенше шыдауға мәжбүрмін. Тіпті болмаған соң бөлек пәтер жалдап көрдік. Бірақ жолдасымның табысы пәтер ақы, азық түліктен артылмай, үйдің құрылысына ақша жинай алмаған соң, мәжбүрлі күйде жын ойнаққа қайта көшіп келдік. 
 
Көбірек табыс тауып, үйді ертерек бітіріп бөлек шығу үшін Асқар күн - түн демей тыным таппай жұмыс істеп жүрді. Мен де жұмысқа шығып көрдім. Бірақ адамдардың көз қарасы, түрлі пікірлерді көтере алмай жылап сықтап жүргенімді көріп Асқар үйге отырғызып қойды. Бәленің бәрі де осы кезден басталды. 
 
Жолдасым біздің болашағымыз үшін тыным таппай шаршап шалдығып жүрсе, мен сорлы оны түсінбеген екенмін. Әуестікпе, әлде ессіздік пе, қайын ағамның қызметіне риза болып, шаттықтан дауыстары жарқын шыққан әйелдерге еліктеп, маған көңіл бөлуге уақыты жоқ жолдасыма ренжіп сондағы демалатын бір екі сағат уақытын ұрыс керіспен өткізіп маза бермей қоятынмын. Алғашында дыбысын естісем жыным ұстап, ашудан жарылардай болатын әйелдердің дауысы ендігі кездері құлағыма майдай жағып, ақылсыздыққа бой алдырып, нәпсімді арым, ақылым тежей алмай өзімді солардың орнында сезінгім келе бастады.

 Достар, сөге жамандамаңыздар, мен тек кейіпкердің аузымен айтылғанды қағазға түсірдім.
 
Құпия автор
Жалғасы бар...