Не дейсің? Үйленгенмін дегені несі? Мұқан бұл қалжыңың шығар.
- Кешірші, жаным... сені шексіз сүйемін. Сондықтан саған о баста шындықты айта алмадым.Сенен айрылып қалудан қорықтым.
- Мұқан, есің дұрыс па? Айрылып қалудан қорықтым дегені несі? Сонда ертең контракт уақыты біткенде сен өз қалаңа қайтасың, ал мен ше? Ал ондағы әйелің?


- Мен бәрін реттеймін. Тек маған сенші...
- Сен... Сен... Жоқ, тоқташы, қалай сенемін саған. Оңбаған екенсің,- деп көз жасына ерік берген Жадыра еңіреп жылады.
Пәтерді жан-жаққа шашып, қанша ұрыс шығарса да, болған істі ешкім артқа қайтара алмайды. Өкініш өзегін өртеп, тоқтамай жылаған Жадыраны Мұқан таңға дейін жұбатып шықты. Енді не істерін білмей басы әбден қатқан қыз, жігітті өзінен қанша итерсе де, артынан қалмаған Мұқан Жадыраны жылы сөздерімен ерітіп алатын.

Бірнеше күн екеуі бөлек жүргенімен, жүрегіндегі сезіміне қарсы шыға алмаған Жадыра Мұқанды тағы кешірді. Шындықтың беті ашылған соң, өз қаласына еркін барып келген Мұқан енді Жадырамен ашық сөйлесе бастады.
Бастапқы кезде көңілдес болуға қарсылығын танытатын Жадыра бірақ сезіміне еш қарсы тұра алмады. Өз туыстары «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұрағанда жиырылып қалатын қыз Мұқанмен жиі ренжісе бастады.Бір күні шыдамы біткен жігіт:
- Болды ! Тоқтат ! Бұл ұрысымыздан ештеңе шықпайды. Мен көп ойландым. Өткенде өз қалама да босқа барып қайтқан жоқпын. Егер келіссең, бүгін барып мешітке барып некемізді қиямыз. Сенің ата-анаңның алдынан да өтемін. Тек заңды некеге тұрмаймыз. Мен бірінші әйелімді балаларым үшін де тастай алмаймын. Бірақ, оған бұл қатынас туралы айтамын. Екеуіңмен де бірге тұрамын,- деп шарт кесті.

Естігендерін қорыта алмай қалған Жадыра көзіне келіп қалған жасын әрең тоқтатып, дірілдей:
- Сонда мен сенің тоқалың боламын ба?
- ...
- Неге үнсізсің? Айтсаңшы, мен сенің тоқалың боламын ба?
- Жадыра, қойшы болды. Бәрін анық түсініп тұрсың ғой. Уайымдама бар жағдайыңды жасаймын. Ең бастысы жаныңда болсам болды емес пе?!- деп құшақтап маңдайынан сүйді.
Екеуі үнсіз келісімге келгендей құшақтасып, терең күрсінді. Қол ұстасып, сол күні-ақ мешітке барып, некелерін қиған соң, Жадыраның ата-анасының алдынан өтуге барды.

Таныстықтан соң, анасы Мұқанның ата-анасын шақырғанымен, түрлі сылтауларын айтып, кейінге қалдырған екеуі ауылдан қайтқанша асықты. Өзара келісімдері бойынша қалаға келе жақсы өмір сүріп бастаған екеуі ешкімді елемеуге тырысты. Бірақ бұл шындық қашанғы бәрінен жасыруға болар еді...
Алыс туыстары арқылы Мұқанның бұл әрекетінен хабардар болған туыстары оны өз қаласына қайта-қайта шақырып, ортаға ала бастады. Бастапқы кезде талай ұрыс, айқай-шу болғанымен, өз айтқанынан қайтпаған Мұқан Жадыраны да, келіншегі Сәнияны да тастамайтынын айтып тұрып алды. Бәрінен де келіншегі Сәнияға бұл жағдайлар өте ауыр тиді. Сүйгенім деп сеніп, мектеп бітіре ерте тұрмысқа шығып, қатарынан үш баласын әкеліп, оқу да оқымай, қарт ата-енесіне қарап отырғанда, өмірлік серігім де сенген жарының сатқындығын көтере алмай жатып қалды. Жылай-жылай әлі қалмаса да, өз сөздерімен сендірген Мұқан Сәнияны да соңында көндірді.

Жадыраның таңдаған жарының әйелі, бала-шағасы барын білген ата-анасы да қызын ұрып-соғып, айтқанынан қайтарғысы келгенімен, ол да Мұқанға шексіз сеніп, айтқанынан қайтпай, қалаға қашып кетті.

Көп өтпей аяғы ауырлаған Жадыра ана болар сәтін ерекше сезіммен күтті. Сондай күндердің бірінде жұмыстағы контракт уақытысы аяқталып, өз қаласына ауысатын уақыты болған Мұқан нағыз екі оттың ортасында қалды. Қаласына барып, Сәниямен бақытты өмірін кешейін десе, аяғы ауыр Жадыраны да тастап кетуге еш қимайтын. Бастықтарымен келісіп, жұмысын осында түбегейлі ауыстырмақ болған еді, оған қарт анасы науқастанып, жиі шақыра берген соң, амалсыз қайтуға тура келді. Бастапқы кезде екі ортада жүріп, екі келіншегінің де көңілін табуға тырысатын Мұқан уақыт өте келуін де сиретті.
Ал ай-күні жетіп, өмірге торсықтай ұл әкелген Жадыра перзентханадан еш гүлсіз, сауық-сайрансыз жалғыз өзі шықты. Түнде сөйлескенінде ғана «келем» деген Мұқан телефонын сөндіре жоқ болды.
Пәтеріне келе тұншыға жылап, баласын төсегіне жатқызған Жадыра қолы дірілдей Мұқанға тағы хабарласа бастады. Ұзақ қоңыраудан кейін барып, телефон тұтқасы алынды:

- Ало...
- Ало. Мұқан қайдасың?
- Жұмыста.
- Бүгін келем деген едің ғой...
- Бара алмадым, ренжімеші. Осы сенбі барамын. Білесің ғой жұмысты, қазір есеп өткізетін кезең. Түні бойы жұмыс жасадым. Әлі ұйықтаған жоқпын. Шаршап жүрмін, -деп кезекті сылтауын айтқан Мұқан Жадыраны тағы алдады.
Басын жарға ұрып, қанша жыласа да, бұл өз таңдауы еді. Өзгенің бағында гүл ашқан қыздың тағдыры еді. Бұл гүлдің енді тағы қанша уақыт жұпар шашып, гүлдерін ешкім де дөп басып айта алмайды. Сезімге ерік беріп, сүйгеніне риясыз сенген қыз өзі байқамай "тоқал" атты жаман атқа ие болды. Оны өзгерту тек өз қолында болса да, әлі де сол сүйгеніне сенуін доғармаған ақымақ қыз қаншама түнін оны күтумен өткізуде...
Қыз тағдыры нәзік те, қиын. Оның таңдауы – болашағының іргесі десек, жар таңдауда қателескен талай қызымыз өзге бақта гүл ашуға әлі де құмартып жүргені мұңайтады. Расында әр гүлдің өз бағы, өз бағбаны болғанына не жетсін!

Соңы...

"Әсерлі әңгімелер" топтамасынан

Дереккөз: el24kz