Түні бойы көз ілмей компанияның есебін жасаған Жадыра таң ата құжаттарының арасында көзі ілініп кетіпті.

Таң атты деп белгі бергендей шырылдай жөнелген оятқыштың үнінен шошып оянған қыз аузынан аққан суын сүрте, айналасында шашылып жатқан құжаттарды жинай бастады. Ұйқысы дұрыс болмағаннан басы солқылдап ауырып тұрса да, орнынан әрең тұрып, жуынатын бөлмеге кіріп, мұздай суға бетін жуды. Айнадағы бейнесіне қарап терең күрсінді:


- Е-е-е-е-е Жадыра... Анаң дұрыс айтады, қартайып отыра бермей, біреудің етегінен ұстау керек. Әйтпесе ертең жасым отызға келгенде мені кім алады? – деп тістей сөйледі де, өз сөзінен шошығандай өз бейнесіне қайта қарап, бетін тағы жуа бастады.
Биыл жиырманың сегізіне келген қыз туыстары мен таныстарының «қашан тұрмысқа шығасың?» дегенінен шаршап, соңғы уақытта ауылына баруында сиреткен. Тіпті аса қатты жағдай болмаса ешкімге хабарласа да қоймайды. Қалада белді бір компанияның бөлім басшысы қызметін атқаратын жас қызға сөз салушылар да көп болғанымен, жанына жақын, жүрегінен орын алар біреуі кездеспеді.

Өмірінде өліп-өшіп ешкімді сүйіп те көрмеген қыз кейде өзіне «Осы мен өмір бойы ешкімді сүймей, қу тіземді құшақтап өтпесем игі еді» деп ашуы келетін. Сөз салған бірнеше жігітпен сөйлесіп , әңгімелері етектен төмен жағдайға жете берген соң,  қатынасты үзе салатын.
Ұйқысы қанбаса да, құжаттарын түгендей жұмысына асыққан Жадыра пәтерінен жүгіріп шықты. Бір құшақ құжатын арқалай әрең жұмысына жеткен қыз компанияға кіре бере аяғы шалынып, барлық құжатын шашып алды. Жұмысқа кешігіп келе жатқанын да ендігі бұл қырсыққа әбден ашуы келген Жадыра дірілдеп, әрең өзін басып құжаттарын жинай бастады.

- Көмектесіп жіберейін,- деген таныс дауысқа селт етті. Қараса компанияға жақында ғана ауысып келген сату бөлімінің басшысы Мұқан екен.
- Ой, Мұқан Нартайұлы. Кешіресіз, аяғым шалынып барлығын шашып алдым. Жиналысқа кешігіп бара жатыр едім,- деп ақтала құжаттарын жинай бастады. Екеуі тез-тез құжаттарды жинай бастады. Дәлізде өтіп бара жатқан басқа қызметкерлерде көмектесіп, тез жиналған құжаттарын көтере кабинетіне келген Жадыра араласып кеткен папкаларды реттей бастады.
Жиналыста құжаттарды уақытылы дайындап, алдына қоймағаны үшін директордан ұрыс естіп жатыр еді, Мұқан орнынан тұрып:
- Кешіресіз Сәкен Төлеутайұлы. Бірақ бұл менің кінәм еді. Жаңа кіреберісте байқамай қолындағы құжаттарын шашып алдым. Менің кесірімнен барлық папкаларын басынан реттеуге тура келді. Сондықтан ескертуді маған берсеңіз,- деп Жадыраны қорғап қалды. Не болғанын түсінбей қалған қыз, жігітке қарап қалған. Үндеме дегендей белгі берген Мұқан директордан ескерту естіді. Жиналыс аяқтала өзін құтқарушы джентельмен жігітке алғысын жаудырған Жадыраны Мұқан айыбын жуу үшін кешкі асқа бірге баруын сұрады.

Жігіттің ұсынысына келісім берген қыздың алғаш рет жүрегі дір ете қалды. Сондықтан кештің батуын асыға күткен қыз жұмыс күні аяқтала пәтеріне барып, өзін ретке келтірмек болған еді. Дегенмен кабинетінен шыға бергенінде директор тағы шақырып, жұмысты үйіп берді. Екі күндік шаршауы, бір жағы Мұқанмен кездесуі бар болған соң бұл тапсырмадан бас тартқысы келгенімен, жасаудан басқа мүмкіндік қалдырмаған директоры Жадыраға таңертеңге дейін бітіріп алып келуді тапсырды.
Тамағына тіреліп тұрған өксігін әрең басқан Жадыра мұңайып кабинетіне келді. Шаршауын сәл басу үшін кофеге тапсырыс беріп, компьютерін қайта қоса бастады:
- Уәдеңді ұмытып қалмаған шығарсың?- деп есіктен сығалап қарап тұрған Мұқанды көрген Жадыра күлімдеді.
- Жоқ, ұмытпадым. Бірақ бара алмайын деп тұрмын.
- Тыныштық па?
- Сәкен Төлеутайұлы тағы үйіп тапсырма берді. Соңғы үш жылдың анализін жасауым керек. Кешегі есебімде біраз қателік кетіпті. Ертең инвесторлармен кездесу бар екенін ұмытып кетіппін,- деп ашуын жасырғысы келіп, пернетақтаны тықылдатып баса бастады.
- Өкінішті. Жарайды, ештеңе етпейді. Мұнда үлкен компания ішінде жалғыз қорқарсың, жаныңда болайын. Бәрібір бұл қалада еш танысым жоқ. Пәтерімде зерігемін. Сізге көмектесейін. Менің де мұндай есептерден хабарым бар ғой не дегенмен,- деп жанына орындықты ала отырды.
Екеуі бірге түнгі бірге дейін құжаттарды реттеп, есепті аяқтап, компаниядан түнделетіп шықты. Екі күндік шаршауынан аяғын әрең басып келе жатқан Жадыра кез келген жерде ұйықтағысы да келіп тұрғанымен, жігіттің алдында өзін барынша ұстап келеді.

Жадыраның пәтеріне дейін таксимен жеткен екеуі кішігірім көшемен жалғыз келе жатыр. Мұқанның қалжыңына күліп келе жатқан Жадыра бір сәтте жігіттің өзінің қолынан қысып ұстағанына таң қала қараған еді, бірден ернінен сүйіп алды. Ұйқысырап әрең келе жатқан Жадыра түсінбей көзі шарасынан шыға жөнелді. Дегенмен тәтті сүйіс қызға да ұнағандай еш қарсылық таныта қоймады.

Осы түннен бастап Мұқан мен Жадыраның қарым-қатынасы жақындай түсті. Екеуі жұмыстан шыға бірге қызықты уақыттарын өткізетін. Бірақ жігіттің өткені, өмірі туралы аса сұрай қоймаған қыз өзін не күтіп тұрғанынан хабарсыз еді. Басқа қаладан жұмыс бабымен ауысып келген Мұқан Жадыраның әбден басын айналдырып алғандай. Алғашқы күннен-ақ еркіне тез көнген қызға күн санап түрлі тосынсыйларымен баурап алды.
Уақыт өте сүйгенінің біртүрлі қылықтарын байқаса да, ештеңеге мән бермеуге тырысатын Жадыра Мұқанға риясыз сенетін. Жұмыста тағы айдың соңындағы есептермен басы қатып отырған қыз сүйгенінің кабинетіне қарап қояды. Директорға жасаған есебін тексертіп, үйіне қайтуға жинала бастаған қыз сүйгенінің кабинетіне қарай барды. Бірнәрсеге ашулы болған Мұқан телефонымен ұрсып жатыр.
- Түу, қойшы деймін саған. Мен бір ерігіп жүргендей басқа қалада. Балаларға қарап үйде отыр дедім емес пе? Қайта-қайта төркініңе шаба бермей, мама-папама қара – деп айқайлап, телефонды тастай салған еді. Естігендерін түсінбей қарап тұрған Жадыраны байқап, өтірік жымия салды.
- Жаным, кіммен сөйлестің? Сонша ашулысың ғой...- деп сүйгенін құшақтап, бетінен сүйді.
Кезекті өтірігін еш шімірікпей айтқан Мұқан Жадыраны оңай алдап алды. Екеуінің қарым-қатынасы күн санап жақындасып, соңғы кезде Жадыра той туралы да айта бастады. Ондай кезде әңгімені басқа жаққа аударып жіберуге тырысатын еді.
Сезім мен махаббатқа мас болған қос ғашық уақыт өте одан да қатты жақындай түсті. Тіпті сүйгеніне риясыз сенген Жадыра Мұқанның бар қалауына көніп жүріп, қыздық өмірімен де қоштасып қала берді. Тәні мен жаны ақ төсекте табысқан қос ғашық көп өтпей-ақ бірге тұра бастады. Соңғы кезде жиі «Қашан үйленеміз?» деп қыз сұраса да, әңгімеден қаша бастайтын жігіт өзінің ең үлкен шындығын бір күні мойындады.

Жалғасы бар...

"Әсерлі әңгімелер" топтамасынан