Бір ауылда дұғасы екі етілмей, қабыл болатын бір адам бар екен. Дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам, әлгі адамның алдынан шығып, мұның сыры мен жай-жапсарын сұрайды. Дұғасы қабыл болатын адам бір топ адамнан:
— Дәл қазір сендер танымайтын бір адам келіп, қарызға ақша сұраса берер ме едіңдер? — деп сұрайды. Олар бір-ауыздан:
— Танымайтын адамға қалай қарыз береміз, — дейді.
— Жарайды, егер мен сұрасам берер ме едіңдер? — деп тағы сұрақтың астына алады.
— Сен сұрасаң, әрине, береміз, — дейді. Олардан не үшін беретіндіктерінің себебін сұрағанда, былай жауап қайырады:
— Біз сені жақсы танимыз. Сен сөзіңде тұрасың, өтірік айтпайсың, шыншылсың. Сен әрдайым жақсылық істейсің, — дейді. Сонда әлгі адам:
— Міне, Алла Тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын адамдардың дұғасын қабыл етеді, — деген екен.